Бочча спортының үздіктері анықталды

Қарағандыда алғаш рет ұйымдастырылған облыстық ашық «SARYARQA BOCCIA» турнирі ерекше жандар арасындағы спорттың маңызын тағы бір мәрте айқын көрсетті. Паралимпиадалық бочча спортынан өткен жарысқа еліміздің 10 өңірінен 70-тен астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Үш күнге созылған турнирге Астана қаласы мен Абай, Маңғыстау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ұлытау облыстарының спортшылары қатысты.

Жарыстың басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар жандар арасында бочча спортын дамыту, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау және параспортты кеңінен насихаттау. Сонымен қатар турнир спортшылардың тәжірибе алмасуына, шеберлігін шыңдауына және ұлттық құрама сапына іріктелуіне мүмкіндік берді.

Турнирдің ашылу салтанатында Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы әрі облыстық бочча федерациясының президенті Нұркен Қобжанов қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бочча – жай ғана спорт емес. Бұл табандылық пен ерік-жігердің көрінісі. Сіздер өз жетістіктеріңіз арқылы көпшілікке үлгі болып келесіздер. Республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар аз емес. Бүгінгі бәсекеде баршаңызға сәтті ойын мен лайықты жеңіс тілеймін, – деді ол.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов мұндай жарыстардың әлеуметтік маңызына тоқталды. Оның айтуынша, өңірде бочча спортына қызығушылық арта түскен.

– Қазіргі таңда бұл спорт түрімен балалар да, ересектер де тұрақты айналысып жүр. Осындай турнирлер ерекше жандардың қоғамға бейімделуіне, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына ықпал етті. Сонымен қатар, тең мүмкіндік қағидатын нығайтуға да әсері зор болды, – деді басқарма басшысы.

Бочча – тірек-қимыл аппараты ауыр зақымданған адамдарға арналған паралимпиадалық спорт түрі. Бұл ойынмен сал ауруына шалдыққан жандармен қатар, жұлын-бұлшықет атрофиясы, миопатия, артрогрипоз және омыртқа жарақаты бар спортшылар да айналысады. Бочча 1984 жылдан бері Жазғы Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген.

Турнирдің бас төрешісі Гауһар Әкіжанованың айтуынша, мұндай деңгейдегі жарыс Қарағанды облысында алғаш рет өткізілді.

– Бұл турнир алдағы уақытта дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады. Мұндай бәсекелер параспортшылардың тәжірибе жинауына, облыстық және ұлттық құрамаларды жасақтауға мүмкіндік берді. Жарыс халықаралық ережелерге сәйкес BC1, BC2, BC3, BC4 және BC5 санаттары бойынша өтті, – деді бас төреші.

Бочча спорты бүгінде әлем бойынша кең таралған спорт түрлерінің біріне айналды. Ойынның негізгі мақсаты – түрлі-түсті доптарды ақ түсті нысана допқа барынша жақын орналастыру болды. Жарыс арнайы дайындалған алаңда өтті. Бұл спорт түрі қатысушылардан дәлдік пен ептілікті ғана емес, тактикалық ойлау мен төзімділікті де талап етті.

Абай облысынан келген спорт шебері Балжан Бөлекпаева боччамен екі жарым жылдан бері айналысып жүргенін айтты.

– Барлық жарыста әжем Нұрманат Бөлекпаева жанымнан табылды. Үнемі қолдау көрсетті. 2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстан кубогында жеңімпаз атандым. Бұл спорт маған үлкен мотивация берді, – деді спортшы.

Жарыс барысында қол-аяқ қозғалысы шектеулі спортшыларға арнайы құрылғылар пайдаланылды. Сондай-ақ, ассистент-операторлар спортшылардың нұсқауы бойынша допты бағыттауға көмектесті.

Айта кетейік, алдағы уақытта Таяу Шығыс пен Орталық Азия аумағында үш ірі турнир өткізу жоспарланған. Соның бірі 1-8 маусым аралығында Астанада өткен World Boccia Cup халықаралық жарысы болды. Былтыр өткен Қазақстан спартакиадасында қарағандылық Игнат Галанин қола жүлде алып, ұлттық құрама сапына енген болатын. Ал халықаралық турнирлерде жүлде алып жүрген Анастасия Кутурман бұл жолы да жанкүйерлер назарында болды.

Мамандардың айтуынша, бочча споры алдағы жылдары елімізде бұқаралық сипат ала түсті. Себебі бұл спорт түрі ерекше жандардың қоғамға бейімделуіне, жаңа орта табуына және өз мүмкіндігін көрсетуіне жол ашты. Сонымен қатар дәлдік пен сабырды, тактикалық ойлау мен ерік-жігерді талап ететін бочча жастардың да қызығушылығын арттырды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»