Бизнесті қолдау
2 триллион теңгенің өнімін шығардық. Қарағанды облысы жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібінің көлемін белсенді түрде арттырып, жақсы нәтиже көрсетуде. Бизнесті қолдау үшін үш шағын индустриялық аймақ та жасақталғалы отыр. Ондай аймақтың екеуі Қарағандыда, біреуі Саранда құрылуда.
Өндірісті өлкеде кәсіпкерлікті қарымды дамытуға әуелден екпін салынған. Нәтижесінде Қарағанды және Саран қалаларында шағын және орта бизнесті қолдау үшін үш шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы басталды. Мәліметке жүгінсек, аймағымызда өңдеу өнеркәсібінің көлемі артып, жыл басынан бері 2 триллион теңгеге жуық өнім шығарылған. Бірінші жартыжылдықта облысымыз 1 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі өнімдерді экспортқа шығарған. Бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібі бағытында 67 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 905 кәсіпорын іскерлігін ілгерілетіп отыр. Олар өз өнімімен облыстың өнеркәсіптік өндірісіне 78 пайыз үлес қосуда.
– Сегіз ай қорытындысы бойынша өңдеу секторында 10,3 пайыз өсіммен 1,9 триллион теңгеге өнім өңдірілді. Өсім барлық негізгі салаға қамтамасыз етілген. Параметаллургияда 14,4%, оның ішінде Qarmet-те болат өндірісі 16,4%, шойын өндірісі 12,6%-ға ұлғайды, – деді Облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов.
Түсті металлургияда да 5,1% өсім бар. Машина жасау кешенінде де 17,6% өнім көлемі ұлғайған. Және машина жасау ісінде табысты екенімізді де айта кетейік. Сайып келгенде, биыл өңдеу саласында 210,2 миллиард теңгеге 3 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы ретте Ферросиликоалюминий, арнайы кокс, болат құбырлар, мырышталған металл бұйымдары, гофрленген картон өнімдерін өндіру бойынша жобаларды іске асыру есебінен өнім түрлері де кеңейтіле түсуде, деді жауапты басқарма өкілі. Кәсіпкерлерімізді мемлекеттік қолдау да өнімділікті өрістетуге серпін берді. Мәселен, мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында құны 7 миллиард теңге болатын 88 жоба бойынша субсидия берілген. Аппараттық кеңесте аймақ басшысы өңдеуші саланы одан әрі қолдау қажеттігін атап өтіп, инвестиция тарту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Өңірімізде өңдеу өнеркәсібін дамыту саласы бойынша бірқатар шара жүзеге асуда. Осы бағытта жұмыстарды жалғастыру қажет болады. Өнеркәсіп басқармасы мен қала, аудандардың әкімі өңдеу өнеркәсіп саласында оң динамикаға қол жеткізуді қамтамасыз етсін. Жоспарланған инвестициялар жобаларды уақытылы жүзеге асуы қабылдансын, – деп тапсырды аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімі: «Осынау сұрақтар бойынша жақын арада инвестициялық штаб өткіземіз, шешемін таппаған кей мәселені сол штаб отырысында қарастырамыз, басқарма басшылығы соған дайын болсын», – деді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»