Біз назарымызды болашаққа аударуымыз керек

Жуырда еліміздің батыс өңіріндегі Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Барлығымыз білеміз, құрылтай отырыстарының барлығы біздің қазақ тарихында болған киелі жерлерде өтіп жатыр. Ұлытау, Түркістан, Атырау қалаларында Қазақ елінің болашағы үшін, тәуелсіздік үшін маңызды шешімдер қабылданған, келесі отырыс Көкшетауда өтеді. Сондықтан Атыраудағы отырыс та алдыңғылардан кем емес деп есептеймін. Өйткені көптеген маңызды мәселе көтерілді, оның ішінде біздің ұлттық дамуымызға байланысты мәселелер, ұлттық құндылықтарымызға, ұлттық кодымызға қатысты мәселелер, осы қазіргі заманауи кезеңде біздің еліміз, халқымыз қалай болу керек, қай бағытта дамуымыз керек деген сияқты.

Алдыңғы пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып Президент бірнеше бастама жасады. Оның ішінде әсіресе инфрақұрылымдық мәселелерге келер болсақ, жаңа ипотека беру мәселесін көтерді, тіпті мынау ауылдық және аудандық жерлерде, қалаларда сол ипотеканың жаңа жобасы әзірлену керек екенін айтты. Және оған қоса жалдамалы пәтерлерді көбірек салу керегінің маңыздылығын атап өтті. Мен бұл пікірмен толық келісемін, қазір, әрине, барлық пәтерді бір-екі жылда салып бітіре алмаймыз, сондықтан мұның бәріне уақыт керек. Сондықтан осының бәрін, менің ойымша, әуелі жақсылап жоспарлап алу керек. Мысалы, жаңа үйлерді қалай салуымыз керек, оған құрылыс материалдарын қайдан аламыз. Меніңше, әуелі осы құрылыс материалдарын шығару жөнінде шағын және орта бизнестің мәселесін көтеру керек. Отандық құрылыс материалдарын алу керек, алдымен осындай бизнесті құрып алып, сосын сол құрылыс материалдарынан ипотекалық үй болсын, жалдамалы үй болсын сала беруге болады. Мұның бәріне уақыт және қаражат керек, негізі, шешілетін мәселе, менің ойымша, беталыс дұрыс деп есептеймін.

Екінші мәселе – елтаңбамызға өзгерістер енгізу мәселесі. Бұл тұрғыда Президент: «Оны кеңес заманындағы гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деді. Осы орайда бүгінде халық арасында, азаматтық қоғам мүшелері арасында түрлі пікір айтылып жатыр. Мұны жан-жақты қарау керек, зерттеу керек. Жалпы, менің пікірімше, алдымен талдау, зерттеу жұмыстарын жүргізген жөн. Бостан-босқа былай екен-ау деп ауыстыра беруге болмайды. Мен кейбір әріптесіммен келісемін, бұл елтаңбаны ауыстырудың өзі үлкен қаражатқа келіп тіреледі. Себебі оны барлық жерде ауыстыру керек. Сол себепті өте ұқыпты, өте ойланып шешетін мәселе.

Үшіншіден, Президент ел бойынша барлық өңірді газификациялау мәселесіне тоқталды. Газ деген – бірнеше мәселені шешетін сұрақ қой. Бұл – біріншіден, экология мәселелері, екіншіден, халық өмірін жайлы ету. Енді газ деген – өз елімізде шығып жатқан нәрсе ғой, сондықтан біздің әлі күнге дейін толық газбен қамтамасыз етілмегеніміз – ұят нәрсе. Сондықтан өте дұрыс тақырып, тиісті тапсырмалар Үкіметке берілді, орындалады деп санаймын. Менің ойымша, бұған да біраз уақыт керек, үш-төрт жылдың көлеміндей уақыт керек шығар. Әрине, бұл жерде баға мәселесіне де қосымша зерттеу жасау керек.

Жалпы, құрылтайда жыл сайын көптеген маңызды мәселе талқыланады. Сондықтан енді ең бастысы, менің ойымша, бізге, қазақстандықтарға, шынымен де қазіргі жағдайымызға және болашаққа көп назар аударуымыз керек. Ертең 15-20 жылдан кейін біз қалай боламыз, кім боламыз, не боламыз, қазірден бастап соның бәрін талдау негізінде, зерттеу негізінде жоспарлаған жөн, дұрыс жоспарлау көп мәселені шешеді. Сондықтан министрліктер болсын, облыс әкімдіктері болсын, басқа да мемлекеттік органдар болсын осы жұмыстарды талдау негізінде, жоспар негізінде құру керек. Әрине, елімізге бірлік керек, мен Президентпен де келісемін, өткен тарихымызда көптеген жағдай болды, жақсысы да, жаманы да болды, бірақ сол тарихты қазудың қажеті жоқ деп есептеймін. Енді жақсысын алу керек, өзімізге, қазақ ұлтына, өзіміздің елімізге тән нәрселерді алдымызға мақсат етіп қойып, сол кешегі тарихтан болашаққа пайдасы бар жағын алып, экономикамызды да, әлеуметтік мәселелерді де, саяси реформаларды да соның негізінде әрі қарай дамытып, жалғастыруымыз керек. Құр әңгіме деген – бос сөз, сондықтан еңбек, еңбек және еңбек. Сол адал еңбектің арқасында адал азамат та болады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, сол еңбектің арқасында жарқын болашаққа жетуімізге болады. Ешкім бізге сырттан келіп бәрін жасап бермейді, біздің сапалы өмірімізді жасап бермейді, сапалы өмірді өзіміз жасауымыз керек. Ойлау өрісімізді өзгертіп, басқа көзқараспен қарауымыз керек. Қай жағы пайдалы, қайсысы бізге сай, сол жағынан жұмыс жасау керек, ол үшін, әрине, халықтың қолдауы қажет. Үкімет өз жұмысын жасауы керек, бірақ біз азаматтық қоғам ретінде соның бәріне мұрындық болып атсалысуымыз қажет деп есептеймін.

Санаубаев Серік Мәлібекұлы,

«Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы» ҚБ атқарушы директоры