Биылғы Жолдауында Қазақстан Президенті еліміздің қоғамдық-саяси жүйесін түп-тамырымен өзгертетін ұтымды ұсыныстар білдірді

Биылғы Жолдауында Қазақстан Президенті еліміздің қоғамдық-саяси жүйесін түп-тамырымен өзгертетін ұтымды ұсыныстар білдірді. Әрі, оларды жүзеге асыру үшін алдымызға маңызды міндеттер қойды.
Іргелі өзгерістер бірнеше бағытта жүргізіледі. Ең алдымен, саяси жүйені терең демократияландыру. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта ең алдымен ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістер бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Осы референдум арқылы халық елінің болашағын айқындауда өз қалауын білдіруге мүмкіндік алады.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерге Мемлекет басшысының Жолдауда білдірген бастамалары негіз болды. Арнайы құрылған жұмыс тобы осы түзетулерді пысықтап, Ақордада өткен кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынды. Президент оларды мақұлдап, Конституциялық Кеңестің қарауына жолдаған еді.
«Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», — деді өткен аптада ҚХА сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Конституцияға төрт рет түзетулер енгізілгенімен, олардың ешқайсы бойынша мұндай референдум өткізілген жоқ.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті,

Қарағанды қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі
Салават Кентбек