Биылғы ҰБТ-да қандай өзгерістер бар?
Биылғы Қарағанды облысында 7 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді деп күтілуде. Оның ішінде «Алтын белгі» төсбелгісіне 11-сыныптың 144 түлегі (87-сі қазақ тілінде, 57-сі орыс тілінде) үміткер. Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова осы және ҰБТ-дағы жаңашылдық туралы РСК алаңындағы брифингіде айтып берді.
ҰБТ ел аумағында 16 мамырда басталып, 5 маусымға дейін жалғасады, оның нәтижелері білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға, сондай-ақ ЖОО-ға ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік береді. 28 сәуірден 14 мамырға дейін өтініш қабылдау Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы жүргізіледі.
ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдардың түлектері, сондай-ақ колледж түлектері қатыса алады.
ҰБТ рәсімі прокторинг және бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіле отырып электронды форматта өтеді.
– Биыл облыста ҰБТ төрт пункт базасында, оның ішінде үш ЖОО базасында тапсырылатын болады, олар: Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды политехникалық университеті және Қарағанды индустриялық университеті (Теміртау қ.); бір колледж базасында: Әлихан Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжі (Балқаш қ.). Айта кету керек, өтініш берген кезде талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдайды, – деп атап өтті Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
ҰБТ-да тапсырылатын пәндер саны өзгеріссіз қалады: үшеуі міндетті, екеуі таңдау бойынша. Дегенмен «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінде тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Бейіндік пәндердегі сұрақ саны 40-қа дейін артады. Бейіндік пәндерде тізімнен таңдауға сәйкестікке 5 тапсырма қосылатынын атап өткен жөн.
– Осылайша «ҰБТ – 2024» тапсырмаларының саны 120 болып өзгеріссіз қалады. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәнінен 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» пәнінен 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылық» пәнінен 10 тапсырма және екі бейінді пән бойынша 40 тапсырма. Ұпайлардың максималды саны да (140 балл) өзгеріссіз қалады. Тестілеу уақыты – 4 сағат немесе 240 минут. Бұл жерде айта кететін жайт – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут уақыт бөлінеді. Көру қабілеті бұзылған балалар үшін суреттер, диаграммалар, карталар, диаграммалар жетіспейтін тестілердің жеке нұсқалары ұсынылған. Шығармашылық мамандықтарға түсуге ниет білдірген талапкерлер тек екі пәннен тапсырады: «Қазақстан тарихы» (20 тапсырма, шекті балл – 5) және «Оқу сауаттылығы» (10 тапсырма, шекті балл – 3). Тапсырмаларды орындау уақыты – 70 минут. Ал шығармашылық емтихандардың өзі жоғары оқу орындарында өтеді. Бұл шешім талапкерлердің қалауы негізінде де, тиісті ведомстволардың сараптамалық пікірі негізінде де қабылданды, – дейді Гүлбақыт Жүнісова.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»