Бірлік пен достық мерекесі
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні еліміздегі ең мағыналы әрі маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн – Қазақстанда өмір сүріп жатқан түрлі ұлт пен ұлыстың татулығы мен ынтымағын, өзара сыйластығы мен бірлігін дәріптейтін ерекше мейрам.
Аталған мереке «Мерей» бөбекжай-балабақшасында да жоғары деңгейде аталып өтті. Шараның басты мақсаты – бүлдіршіндердің бойына достық, татулық, өзара құрмет сияқты асыл қасиеттерді сіңіру, сондай-ақ еліміздің көпұлтты мәдениетімен таныстыру.
Мерекелік шараға №1 «Ақжелкен», №8 «Айгөлек» ересек топтары мен №9 «Аққу», №4 «Қарлығаш» мектепалды даярлық топтарының тәрбиеленушілері белсене қатысты. Кішкентай өнерпаздар әр ұлттың әнін шырқап, биін билеп, ұлттық киімдерін таныстыра отырып, көпұлтты Қазақстанның бірлігін көркем түрде паш етті. Әрбір қойылым көрерменге ерекше әсер сыйлап, мерекенің мазмұнын аша түсті.
Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып қана қоймай, өзге ұлт өкілдеріне деген құрмет пен достық қарым-қатынасты нығайтуға зор ықпал етеді. Бүлдіршіндер ерте жастан бейбітшілік пен келісімнің, татулық пен ынтымақтың қадірін түсіне бастайды.
Қазақстан халқының бірлігі күні – тек мерекелік дата ғана емес, ол – ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықтың айқын белгісі. «Бірлік бар жерде – береке бар» деген ұғымның мәнін ұғындырған бұл шара балалардың жүрегінде жарқын әсер қалдырды.
Г.Т.СЕЙТІМОВА,
«Мерей» бөбекжайының
музыка жетекшісі

