Бір тұтас тәрбие

Қарағанды қаласы академик Е.А.Бөкетов атындағы мектепте «Шын жүректен кітап сыйла» челленджі бастау алды.

Қарағанды қаласы Академик Е.А.Бөкетов атындағы мектепте оқырман мәдениетін қолдауға бағытталған «Шын жүректен кітап сыйла» челленджінің салтанатты ашылуы өтті. Челлендж «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы, «Балалар кітапханасы» жобасы аясында өткізіліп, Дүниежүзілік кітап сыйлау күніне орайластырылған.

Бұл бастаманың басты мақсаты – кітап оқуды насихаттау, кітапқа деген қызығушылықты арттыру және кітап сыйлау мәдениетін қалыптастыру. Челленджге мектеп директоры, оның орынбасарлары, мұғалімдер және оқушылар белсене қатысып, өздерінің сүйікті кітаптарын әлеуметтік желілерде бөлісіп, көпшілікті кітап оқуға шақырды. Жоғары сынып оқушылары өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, сүйікті кітаптары бойынша буктрейлерлер түсірді. Бұл жұмыстар оқушылар арасында үлкен қызығушылық туғызып, кітапқа деген сүйіспеншілікті арттырды.

Мектеп кітапханашысы челленджге айрықша үлес қосты. Ол кітапхананың ішкі дизайнын жаңартып, оны тартымды ету үшін түрлі ақпараттық және көрнекі материалдар дайындады. Сондай-ақ, қатысушыларға арнап лепбуктер, додекадрлар және шығармашылық сыйлықтар әзірледі. Бұл жаңашылдықтар кітапханаға жаңа серпін беріп, оқушыларды кітап оқуға қызықтыра түсті.

Челлендждің ерекше сәттері

Челлендж барысында оқушылар мен мұғалімдер сүйікті кітаптарына арнап шығармашылық мұқабалар жасап, оларды сыныптастарына сыйлады. Бұл жұмыстар челлендждің ең есте қаларлық әрі мағыналы сәттерінің бірі болды.

Марапаттау және қорытынды

Челленджге белсене қатысқан оқушылар мен мұғалімдер марапатталды. Бұл олардың шығармашылық еңбегіне берілген жоғары баға болды.

«Шын жүректен кітап сыйла» челленджі, Қарағанды қаласы Академик Е.А.Бөкетов атындағы мектеп ұжымы мен оқушыларының арасында үлкен қызығушылық тудырды. Дүниежүзілік кітап сыйлау күніне орайластырылған бастама мектеп қауымдастығының рухани дамуына өз үлесін қосып, кітап оқуды дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.

Н.З.ИТКАРИНА,

академик Е.А.Бөкетов атындағы Жалпы білім беретін мектеп кітапханасының меңгерушісі