«Бір күндік» фирмаларға шектеу бар
Қала көшелерінде автокөлік жолдарын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Кеншілер шаһарының басшысы Мейрам Кожуховтың мәлімдеуінше, биыл тоқсаннан астам көшенің жолы ретке келтіріледі.
Қазіргі таңда Бұқар жырау даңғылының Дүйсембеков көшесімен қиылысар тұсынан Гончарь көшесімен түйісер тұсына дейінгі аралықты жөндеу жұмыстары басталды. Осыған байланысты жол қозғалысы шектелген.
– Жолды түбегейлі жаппай, қозғалысқа ыңғайлы болу үшін бір жолақтан жөндейміз. Сонымен қатар биыл Бұқар жырау даңғылынан бөлек елуден астам көшеге орташа жөндеу, қырықтан астам көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады. Сондай-ақ 2 көшеге күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз, – дейді қала басшысы.
Тағы бір айта кетерлігі – биыл Қарағанды қаласында жол құрылысына жауапты мердігерді анықтарда алғаш рет ведомстволық сараптама жасалған. Яғни бұдан бұлай жол жөндеуге кеше ғана ашылған, құжат толы папкадан басқа дымы жоқ «бір күндік» фирмалар қатыстырылмайды. Бұл саладағы тәжірибесі 5 жылдан аз компаниялардың қатысуына да шектеу қойылмақ. Демек, енді Қарағанды көшелерін ретке келтіруге нарықта сапалы жұмысымен көзге түскен өз ісінің шеберлері ғана тартылады.