«Білімнің биік ордасы: ҚМУ–75 жыл»

Адам жанының арашасы ақ халатты абзал жандарды даярлайтын, 1950 жылы елімізде екінші болып ашылған Қарағанды медициналық университеті үшін биыл атаулы жыл.  Білім ордасының құрылғанына 75 жыл толып отыр. Жыл басынан бері осы мерейлі жылдың құрметіне университетте бірқатар шара атқарылуда. Сондай шаралардың бірін 14 наурыз күні  университеттің Тілдерді дамыту орталығының профессорлық-оқытушылар құрамы ұйымдастырды. Оқу орнындағы 1 курс студенттері арасында «Білімнің биік ордасы: ҚМУ-75 жыл» атты студенттік ғылыми-теориялық конференция жұмысы үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын тілінде жүргізілді. Конференцияның пленарлық жұмысы университеттің академиялық жұмыстар бойынша проректоры Қ.Қ.Төлеубековтің кіріспе сөзімен басталып, «Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана» директоры Д.Т.Курмангалиев,  Қарағанды облысы сараптама орталығының басшысы А.К.Тусипбеков, травматолог-ортопед А.С.Руденко, хирург-онколог Т.С.Хайтиди, рентгенолог дәрігер М.А.Абильдин, эндокринолог дәрігер А.Карелхан, уролог К.С.Кабилдин сияқты қаламыздың жоғары санатты дәрігерлерінің құттықтау сөздеріне ұласты.

Конференцияның 2 бөлімінде үш аудиторияда келесі тақырыптарда секциялық отырыстар жүргізілді:

  1. Қазақстанның көрнекті тұлғалары: денсаулық сақтау саласын дамытудағы үлесі;
  2. Медицинадағы заманауи инновациялар: теориядан тәжірибеге дейін;
  3. Көптілділік – денсаулық сақтау саласындағы кәсіби құзіреттілікті қалыптастырудың негізгі факторы.

Конференция қорытындысы бойынша үздік баяндамалар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Конференцияға ұсынылған барлық баяндама электронды жинақта жарияланады.

Б.С.КАУКЕРБЕКОВА,

ҚМУ тілдерді дамыту орталығының

қауымдастырылған профессоры,

ф.ғ.к.