Білімге бастар жаңа мектеп

Қарағандыда жаңа оқу жылы жаңа мектептің ашылуымен басталды. Қаланың қарқынды дамып келе жатқан шағынаудандарының бірінде №29 жалпы білім беретін мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи білім ордасы 1 200 оқушыға арналған.

Білім күні жаңа мектептің алғашқы қоңырауымен басталып, әсіресе алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер үшін есте қаларлық сәтке айналды. Қолдарына гүл ұстап, үлкен мектепке қуана кірген бірінші сынып оқушылары үшін бұл күн жаңа өмір кезеңінің бастауы болды.

– Мектепке бірінші рет келіп тұрмын. Жақсы оқып, үздік бағалар алғым келеді. Мұғалімдерімді тыңдап, ата-анамның ақ батасын алып, білімді бала болуға тырысамын, – дейді жас оқушы.

Жаңа мектептің ерекшелігі – ғимараттың заманауи талаптарға сай жобалануында. Мұнда оқу кабинеттерімен қатар робототехника және информатика сыныптары, STEM бағытындағы зертханалар, спорт және акт залдары, коворкинг кеңістігі қарастырылған. Қауіпсіздік жүйесі де заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған.

Бастауыш сынып оқушылары үшін жеке блоктардың қарастырылуы да ата-аналар үшін қолайлы. Оқу кабинеттері, информатика мен робототехникаға арналған орындар және санитарлық аймақтар бір блокта орналасқан. Бұл кішкентай оқушылардың үлкен мектеп ішінде көп жүрмей, өздеріне арналған жайлы ортада білім алуына мүмкіндік береді.

Мектептің жобалық қуаты – 1 200 оқушы. Білім ордасына деген сұраныстың жоғары екенін алғашқы қабылдау кезеңінің өзі көрсетті. Алғашқы сауалнама кезінде 900-ге жуық бала тіркелсе, кейін өтініш білдірушілердің саны одан әрі артқан. Орта және жоғары сынып оқушылары басқа мектептерден кезең-кезеңімен ауысып, оқу процесіне қосылады.

– Мектептің барлық оқу процесін ұйымдастыруға қажетті жағдай жасалды. Жаңа білім ордасы осы шағынаудандағы оқушы орындарына деген сұранысты азайтуға мүмкіндік береді. Қазір кабинеттер, спорт және акт залдары, зертханалар мен қауіпсіздік жүйелері толық дайын. Басты мақсатымыз – балаларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау, – дейді №29 жалпы білім беретін мектеп директорының міндетін атқарушы Еркін Ашықбаев.

Оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуіне де мүмкіндік мол. Коворкинг орталығында балалар тынығып, өзара пікір алмасып, шығармашылық жұмыстармен айналыса алады. Ал спорт және акт залдарында түрлі үйірмелер мен мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылмақ.

Жаңа мектептің ашылуын шағынаудан тұрғындары да көптен күткен. Бұған дейін кейбір оқушылар үйлерінен қашықтағы білім беру ұйымдарына қатынаса, енді балалардың білім алатын жері үйге жақындай түсті.

– Бұл мектептің ашылғанын асыға күттік. Ең бастысы – балаларымыздың енді алысқа қатынамай, үйге жақын жерде білім алуына мүмкіндік туды. Ғимараты өте кең әрі жарық. Балаларға қажетті жағдайдың барлығы қарастырылғаны көрініп тұр. Ата-ана ретінде біз үшін мектептің қауіпсіздігі мен мұғалімдердің жағдайы да маңызды. Жаңа мектеп осы талаптарға толық жауап береді деп ойлаймын, – дейді ата-ана Ернұр Саятұлы.

Жаңа білім ордасының ашылуы Қарағандыдағы білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының бір бөлігі. Ресми мәлімет бойынша, биыл облыста 18 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, тағы 124 білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар Қарағанды қаласында жаңа мектептердің құрылысы жалғасып жатыр. «Жаңа аудан» («Таугүл») шағынауданындағы мектептің құрылысы да аяқталу кезеңіне жеткен.

Өңірде жаңа оқу жылына дайындық барысында қауіпсіздікке де ерекше мән берілді. Мектептердегі бейнебақылау, кіреберіс жүйелері, дабыл түймелері және білім беру ұйымдарының маңындағы жол қауіпсіздігі тексерілді.

Білім беру саласындағы өзгерістер тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. 2026-2027 оқу жылынан бастап мектептерде цифрлық құзыреттілікті дамыту, қауіпсіздік пен тәрбие жұмысына басымдық беру бағытында жаңа тәсілдер енгізілуде.

Ал №29 мектептің алғашқы қоңырауы осы өзгерістердің нақты көрінісіндей болды. Үйге жақын орналасқан, заманауи құралдармен жабдықталған және оқушының жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа білім ордасы үшін енді ең маңызды кезең – балалардың сапалы білім алып, өз қабілетін танытуы.

Жаңа мектептің табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің қуанышы – жаңа оқу жылындағы үлкен үміттің белгісі. Білімге бастар жолдың жайлы әрі қауіпсіз болуы – бала болашағына жасалған маңызды қадам.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»