Білімді жастар жарқын болашақ кепілі

Елдің болашағын сенімді қолға тапсыру үшін жоғары оқу орындарының алдында білікті маман даярлау міндеті тұр. Қазіргі заманда қоғамның дамуында білімнің маңызы ерекше екені сөзсіз, сондықтан осы талапты толық іске асыру үшін білім беру саласы түбегейлі жаңа көзқарас пен стратегияны қабылдауы тиіс. Бұл мақсатта Қарағандыда өткен конференцияда білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланып, тиімді ұсыныстар айтылды.

Конференцияда жоғары оқу орындарының рөлі мен міндеттері, білім беру бағдарламаларының сапасы, студенттерді еңбек нарығына дайындаудың жаңа тәсілдері жөнінде кеңінен сөз қозғалды. Сарапшылар мен білім саласының мамандары білікті маман даярлаудағы басты бағыттарды айқындап, оқу үдерісіне заманауи технологияларды енгізудің қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, оқу орындарының кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істеу, студенттердің практикаға қатысуын қамтамасыз ету және еңбек нарығының сұранысына сәйкес білім беру бағдарламаларын жаңарту мәселелері көтерілді. Жиын барысында қоғамның және білім беру саласының өкілдері ел болашағына жауапкершілікпен қарай отырып, жастардың сапалы білім алуына және кәсіби тұрғыда білікті маман болып қалыптасуына жағдай жасау керектігін атап өтті. Бұл бағытта атқарылатын шаралар еліміздің дамуына зор үлес қосып, жоғары білім сапасының арттырылуына ықпал ететіні сөзсіз. Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде өткен конференция білім беру жүйесінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашуды көздейді. Кәсіби стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын іске асырудан бөлек, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін арттыру өзекті. Осы орайда, аталмыш оқу орны облыстық білім басқармасы, «Samga academy» білім беру орталығымен бірлесіп ашық алаңда пікір алмасты. Білікті сарапшылар ой бөлісіп, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайта түсу жолдары қарастырылды.

– Аталмыш конференцияның маңызы зор. Жастардың мамандық таңдауын мектеп қабырғасынан, оқушы кезінен қалыптастыру өзекті. Осы тұста ата-аналардың рөлі айрықша. Айтылған ойлар маңызды екені анық, – дейді Қарағанды облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.

Кәсіптік бағдар беру – табысты болашаққа маңызды қадам болып қалары сөзсіз. Білім беру орталығының негізін қалаушы Әлішер Жақсылық заманауи білім беру кеңістігінде өскелең ұрпақты кәсіби бағдарлау мәселесі өте өзекті болып отырғандығын атап өтті. Ал, әрбір жастың мамандық таңдауына ата-ананың қосар өзіндік үлесі барына сенімді.

– Оқушы туғанынан бастап ата-анасының қасында жүреді. Мектепте алты сағат болуы мүмкін. Басқа уақыттың бәрінде үйде. Сондықтан ата-анамен бала, мектеп арасындағы байланыс орны ерекше. Бүгінгі конференция соның айғағы, – дейді «Samga academy» білім беру орталығының негізін қалаушы Әлішер Жақсылық.

Қоғам дамуының тенденциялары, еңбек нарығының динамикасы жұмысшы мамандарын даярлаудың қажеттігін көрсетуде. Конференция барысында білікті кадр қалыптастырудың маңыздылығы да айтылды. Білікті сарапшылар оқушылардың кәсіби қызығушылықтары мен бейімділіктерін анықтауға қатысты да тәжірибелерімен бөлісті.

– Студенттерге көмектесу туралы көптеген сұрақ бар. Кәсіптік бағдар беру маманы – осы тұста шешім қабылдауға көмектесетін адам. Көбінесе бұл жұмысты психологтар орындайды. Олар біраз зерттеулер, сауалнамалар жүргізеді. Бірақ бұл көмек тәжірибелік тұрғыда ғана. Осы орайда, жастарды кәсіби бағдар беруге даярлау тиімділігін көрсетуде, –деп атап өтті Қ.Сәтбаев атындағы гимназия директорының орынбасары Елена Сон.

Конференция аясында кәсіптік бағдар беру мамандары жастармен және ата-аналармен жұмыс жасаудың заманауи тенденцияларымен бөлісті.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»