Білімді жастар – ел болашағы
Ақыл жастан. Нью-Йоркте өткен математикалық олимпиадаға Қарағанды қаласынан ойы ұшқыр, білімді жеткіншек қатысты. Ауқымды бәсекеге қарамастан, жерлесіміз Олимпиаданың күміс жүлдесін иеленді. 900-ден астам қатысушыны шаң қаптырған, жеңімпазбен біз де кездестік.
Мектеп оқушысы Дария Дүрмағамбетова Нью-Йоркте өткен математикадан олимпиадаға Қарағандыдан барған жалғыз қатысушы. Copernicus олимпиадасы – 5-12 сынып оқушылары математика, физика, жаратылыстану, астрономия, киберқауіпсіздік және кинофестиваль бойынша жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін олимпиада. Биыл бесінші жыл сайынғы олимпиада өтті, оған 35 мемлекеттен 962 қатысушы бақтарын сынады. Білімділердің сайысында жерлесіміз Олимпиада күмісін иеленді. Дарияның айтуынша, оның қатысуына ата-анасы мен мұғалімі үлкен үлес қосқан.
– Мен ұстазым арқылы сайыс болатынын білдім. Ол бізге осы Олимпиада туралы ақпарат жіберді, анам бірден қызығушылық танытып, менімен ақылдасты. Математиканы қатты жақсы көремін, сондықтан қызығушылығым артып, өз білімімді сынап көргім келді. Іріктеу кезеңінің өзі онлайн өтті, мен одан өттім және 2 аптадан кейін жаһандық байқауға шақыру туралы хабарлама алдым. Бағдарламаның өзі 5 күнге созылды және 3-ші күні Колумбия университетінде олимпиада өтті,– дейді «Copernicus Olympiad» қатысушысы Дария Дүрмағамбетова.
Еліміздің көк байрағын халықаралық аренада биікке көтеру – ұлтын сүйер әр ұл, қыздың арманы. Жеңімпаздың осы сәтте бойын билеген эмоцияны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қарағандылық жас ойшыл, өз кезегінде 960 олимпиада қатысушысын жеңіп шыққанына сену қиын дейді.
– Қатты таң қалдым, менде эмоция болды, толқыдым. Себебі, бәріне қарап, қытайлар, әзірбайжандар, біздің қазақтар қалай шыққанын көрдім. Ал менің атым жарияланған соң қолыма жалау берді, бірден сахнаға жүгірдім. Еліміздің туын желбіреттім, – деп бөлісті Дария Дүрмағамбетова.
Дарияның ұстазы Алтынай Мұратовамен хабарласудың сәті түсті. Ұстаз аз уақыт аралығында Дарияға Олимпиадаға дайындалуға көмектескен. Әртүрлі уақыт белдеуінде дайындық жұмыстары жүргізілсе де, ұстаз бен шәкірттің еңбегі ақталды.
– Бірден маған хабарласты, өзінің орын алғанын және бейнежазбаларын жолдады. Мен бұл жеңісіне қатты қуандым. Оқушымнан қатты ештеңе күтпедім, бірақ жеңісі ата-анасын да қуантты. Сенім ақталды, әр сыныпта әртүрлі оқушы болады. Ізденімпаз оқушыларымыз өте көп, – дейді ұстаз.
Қазіргі таңда, жеңімпаз жеткіншек әдеттегі өміріне оралды. Мұғалімнің пікірінше, мүмкін болашақта Дария халықаралық биіктерді бағындыратын, ел мақтанышы болар. Ендеше оған талмай іздену жолында тек сәттілік тілейміз!
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»