Білім жолы – адал жол

Елдің өркендеуіндегі ең басты қатердің бірі –жең ұшынан жалғасқан жемқорлық. Бұл орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Нөлдік төзімділік» қағидаларын қалыптастыру жайты жиі айтылады. Ел Президенті өз Жолдауында да, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес отырысында да айрықша атап өтті.

Еліміздің   бұдан  арғы даму жолын  дәйектейтін  жолдау әр қазақстандық үшін  маңызды. Сондықтан да болар  жолдау Жолдау жүктеген міндет, одан күтер үмітті халық саралап отырады. Ал кезекті Жолдауда елдегі басты келеңсіздік жемқорлық жайы талқыланды. Мемлекет басшысы пайымдағандай сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі. Заңға бағынған құл болмайтынын дәлелдеп, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Бұл орайда әркім елде әділдік барын сезіну үшін соттар жұмысы сапалы, адал болуы шарт. Сол үшінде  нақты шаралар қабылданды. Судьялар  өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы үшін, судьялардың  мәртебесін теңестіру мәселесі  Жолдауда  айтылды. Қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығаратын соттар құрамын жасақтау  мақсатында, судьялардың дербестігін арттыру, сот органдарына мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасау  Мемлекет басшысының  Жолдауында  айқын болды. Кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды, я болмаса лауазымы төмендетілді. Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мың талап-арыз түскен. Соның тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шыққан. Өкінішке орай  біздің  қоғамда шығарылған  сот үкіміне  наразы болып,  әділдік  жолында  басқа  деңгейдегі  соттарға   талай мәрте шағымданса да  ақиқатына жете алмай тауы шығылған халық қарасы аз емес. Құқықтық мемлекет үшін бұл өрескел жағдай.   Қандай шешім, үкім шығарылса да әділдік орнауы талап етіледі. Жемқорлыққа жол жоқтығын  сезіндіріп, соттың әділдігін орнату үшін қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шаралар жүзеге асырылды.

– Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға  қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деді Президент.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес  отырысында  жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітетінін мәлімдеген Мемлекет басшысы  жұмыстың тиімділігі нақты нәтиже бойынша бағаланады, түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру деп атап өтті.  Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу үшін құқық қорғау органдарының жұмысы жемісті болуы керектігі  айтылды. Көп жыл бойы  мәселені терең зерттелмей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағытын түбегейлі қайта қарауға шақырды, сондай-ақ уәкілетті органдардың алдына бірқатар міндет қойды. Оның пікірінше, кәсіпкерлер мен жұртшылықтың сыбайлас жемқорлық деректері бойынша берген өтініштері негізінде жүйелі жұмыс жүргізу қажет.

– Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы  жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер  осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Барлық шараны  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын. Салық және кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері де арнайы бақылауға алынады – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, халық санасын сауықтыру жолында  ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейтуге шақырды. Бүкіл қоғамды жемқорлықпен күресуге жұмылдыру қажет. «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» қағидатын баршаның санасына сіңіру бүкіл мемлекеттік органның ортақ жұмысы болуға тиіс делінді.

 

Малика Кусбекова,

«Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы.