Білім – ең құнды байлық

Балалық шағымнан қалған естеліктердің бірі – үйдегі кітаптарға толы үлкен сөрелер мен алуан түрлі әдебиеттер. Үйде кітаптардың белгілі бір сериясына жазылу немесе кезекті рет оқылған кітаптар туралы сондай мақтанышпен, қызығушылықпен айтылғаны әлі есімде.

Осыдан болар, менің де үйдегі кітаптарды қайта оқып шыққаным таңғаларлық емес. Ал кейінірек аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы атандым. Бала кезімде «тамақ ішіп отырғанда кітап оқымау керек» деген ескертуді жиі еститінмін.

Өзім әке атанғанымда балаларыма алдымен ертегі оқып бердім, кейін үлкен ұлым өзі оқи бастады. Ертегілер мен шағын әңгімелерден бастап, шытырман оқиғалар, ғылыми фантастика және көркем емес фантастика сынды жанрларға біртіндеп көштік. 5-сыныптан бастап ұлым жылына 30-50 кітап оқитын болды. Сол кезде мен де ұлыма кешкі ас кезінде «кітап оқыма» деп ескерту жасай бастадым. Балабақшаға барып жүрген кенже балам ертегілерді, әсіресе «Еркетай» мен «Жәнібек» туралы заманауи қазақ комикстерін тыңдағанды ұнатады.

Мен өз тәжірибемнен балаларды оқуға мәжбүрлеуге болмайтынын айта аламын. Балаларға қысым көрсетпей, керісінше, жеке мысалмен оқуға деген сүйіспеншілікті ояту қажет. Бала ата-анасының кітап оқып отырғанын көруі керек. Сонда ғана қызығушылық пайда болады. Кітаптар баланың мінезіне және құндылықтарының қалыптасуына әсер ететінін де ескерген жөн. Оң сюжеттік желісі бар кітаптар жақсы әдеттерге баулып, дұрыс тәрбие береді. Сол себепті балаларды қолдау, кітап оқуға баулу, оларға кітап сатып алып беру, кітап көрмелеріне бірге бару өте маңызды.

Бұған дейін PISA, TIMSS халықаралық зерттеулерінің нәтижелерін жариялаған болатынбыз. Олар ата-аналардың балалармен бірге оқуы және олардың болашақта мектептегі академиялық үлгерімі арасындағы нақты және оң байланысты көрсетті. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, үйде кітаптары бар балалар жоғары нәтиже көрсеткен.

Сондықтан 2020 жылы оқушыларды көркем әдебиет оқуға баулу үшін ауқымды республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске қостық.

Жобаны іске қосқанға дейін жүргізген талдауымыз мектептеріміздің кітапханаларында, әсіресе қазақ тілінде заманауи көркем әдебиеттің жоқ екенін көрсетті. Осыған байланысты біз әдебиеттің ең алдымен қазақ тілінде қолжетімді болуын және ғылыми фантастика жанры мен әлем әдебиетінің үздік шығармаларының басылымдар тізіміне енгізілуін басты назарда ұстадық.

Мектептерді кітаппен қамтамасыз ету, кітапханашылардың жұмысын қайта қарау, жұмыс істеп тұрған мектеп кітапханалары мен коворкинг орталықтарын жөндеу және жаңадан ашу, сондай-ақ балалар арасында жарыстар өткізу, кітап оқуға 20 минут уақыт бөлу және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.

Екі жылдың ішінде мектеп кітапханаларына 4 млн-ға жуық әдебиет сатылып алынды. Өкінішке қарай, жоба барлық өңірде бірдей сапалы жүзеге асырылып жатқан жоқ, бірақ біз осы бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз.

Сондай-ақ мектептердегі демалыс орындарында ашық кітапханаларды дамытқымыз келеді. Кесте бойынша жұмыс істеп, кілтке жабылатын дәстүрлі мектеп кітапханаларынан басқа, біз кітап оқуға, тіпті үй тапсырмасын орындағысы келетіндерге мүмкіндік, жағдай жасағымыз келеді.

Қазірдің өзінде «Оқуға құштар мектеп» жобасының оң әсерін көріп отырмыз. Сұраныстың арқасында ұсыныс пайда болып, ол нарықтың дамуына әсер етеді. Соңғы жылда мемлекеттік тілдегі аударма әдебиеттер саны күрт өсті. Кітап оқуға деген қызығушылықтың артуы қазақ тіліндегі кітаптардың сатылымына да әсер етіп отыр, биыл айтарлықтай өсім тіркелді.

Тіпті оқырман ретінде қазақ тіліне жоғары сапалы аударылған бестселлерлерді жиі кездестіремін. Мысалы, қазақ тілінде оқыған кітаптарымыздың бірі – «Хәрри Поттер» мен «Ғажайыптың» аудармалары.

Сапалы басылымдар мен қазақстандық авторлардың көбейіп келе жатқаны да қуантады. Мысалы, жақында оқыған қазақстандық авторлардың төрт басылымы ұнады (оның ішінде балалардың):

  1. Ақиқат Рас «ШколаТА»;
  2. Рүстем Сауытбай «Шоко әлем»;
  3. Зира Наурызбаева «Алтын тостағанды іздеу. Бату мен оның достарының бастан кешкендері»;
  4. «Еркетай» комикстері.

Өте сапалы әдебиет!

Кішкентай балаларымызға кітапты дауыстап оқып беруге, оларды қолдап, кітап оқуға баулуға, оны сатып алып беруге, кітап көрмелеріне бірге баруға шақырамын.

Әрине, балаларға өзіміз үлгі болып, оқудың маңызды екенін көрсете білуіміз маңызды.

Мереке қарсаңында осы жазбаны оқитын ата-аналарға балаларға қызықты кітап оқуға кеңес беруді ұсынар едім. Олардың кітап әлеміне жасаған саяхаты қызықты болсын!

Барлық оқушыны кітап оқуға көбірек уақыт бөлуге шақырамын. Өйткені білім – ең құнды байлық.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ

*Мақала экс-министрдің Телеграм парақшасынан алынды