Білім бәйгесінен жүлделі оралды

Оқушылар арасында Мейірхан Әбілдин атындағы республикалық «Адам. Жер. Ғалам» зияткерлік астротурнирі дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл бұл байқауда қарағандылық оқушылар жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.

Астротурнир – жоғары сынып оқушыларының күрделі зерттеу және ғылыми мәселелерді талқылау қабілетін сынайтын жеке командалық сайыс.

Зияткерлік байқау Алматыдағы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының обсерваториясының базасында өткен. Барлық өңірден 17 команда қатысты. Облыс намысын «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9 және 10-сынып оқушылары қорғап, үздіктер қатарынан көрінді. Команда құрамында Алина Даужанова, Ырысты Наурызбай, Ерсұлтан Төлеухан, Гүлназ Зайкен, Нұрасыл Төлеубаев сынды білімі мен қиялы ұштасқан ұтқыр жастар бар. Команданы физика пәнінің мұғалімі Саян Бұлкенов басқарды.

– Астротурнир 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Біздің мектеп бұл жарысқа алғаш рет қатысты. Қазақ тіліндегі командалық есепте ІІ орын алдық. Бұл – үлкен нәтиже. Қарсыластардың осалы жоқ, – деп қуанышымен бөлісті команда жетекшісі.

Жарыс қорытындысында Гран-приді Шымкенттен келген оқушылар алса, І орынды алматылық Назарбаев мектебінің командасы иеленді. Маңғыстаулық команда үздік үштікте.