Бес күндік оқу жүйесі енгізілді

Қарағанды мектептері бес күндік оқу жүйесіне ауысады. Бұл туралы Қарағанды облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Мұқатайұлы Әшім мәлімдеді. Жиынның негізгі тақырыбы жаңа оқу жылына дайындық болды.

Бөлім басшысының орынбасары Наталья Головина өткен аптада мемлекеттік білім беру стандартының өзгеруіне сәйкес, балалар үшін апталық оқу жүктемесін қысқарту жоспарланып отырғанын айтқан болатын. Шаһардың бас мұғалімі бұл болжамды нақтылай түсті.

– Бұған дейін бастауыш сыныптарда аптасына 29 сағат болса, енді 27 болды. 5-сыныптар үшін апталық сағат саны 32-ден 29-ға азайды. 10-11 сыныптарда 39 сағаттық апталық жүктеме 35-ке қысқарды. Осылайша біз бес күндік оқу жүйесіне оңай ауыса аламыз, – деді Білім бөлімінің басшысы.

Есентай Мұқатайұлы елімізде оқу жылы екі аптаға ұзартылғанын да атап өтті. Оқу-ағарту министрлігі қабылдаған құжатқа сәйкес, бірінші сыныптарда оқу жылының ұзақтығы 35 апта болса, 2-11 сыныптарда 36 оқу аптасы болады. Демек, оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, соңғы қоңырау 31 мамырда соғылады. Сондай-ақ барлық сыныпқа мынадай каникул кезеңі белгіленді: күзгі каникул – 7 күн, қысқы каникул – 9 күн, көктемгі каникул – 9 күн. 2023 жылдың 6 ақпаны мен 12 ақпанын қоса алғанда бірінші сынып оқушылары үшін де қосымша жеті күндік каникул енгізіледі.

– Қосымша екі оқу аптасын қосу арқылы оқу жылының ұзақтығын арттыру күндік сабақтар санын азайтуға, күрделі тақырыптарды оқу қарқындылығын төмендетуге, білім беру процесін дамытатын оқыту қағидаттарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді спикер.

Ақзия Оразалиева