Береке бастауы – бірлік

Айбынды армия мен мектеп арасындағы байланысты арттыру мақсатында Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында ҚР Қорғаныс министрлігі Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 44803 әскери бөлімінің С-300 зениттік-зымырандық дивизионында мектеп оқушыларына арналған Ашық есік күні өткізілді. Әскери бөлімге келген оқушылар қуатты әскеріміздің тыныс-тіршілігімен танысып, топ-топқа бөлініп қару-жарақтарды ұстап көрді. Әскери саланың білікті қызметкерлері мектеп оқушыларын қызықтырған сұрақтарға тікелей жауап берді. Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан артық ұлт өкілдеріне ортақ Отан болып тұр. Сол себепті халқымыздың бірлігі күніне орайластырылған «Әскер балалардың көзімен» тақырыбындағы Ашық есік күнінде әскери бөліммен толықтай танысқан оқушылар Отан қорғау қызметінің ерекшеліктері, әскери оқуға түскен кезде көрсетілетін жеңілдіктер, әскерилерге мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер жайын сұрап білді.

– Әскери сала мамандарының тек биік шыңдардан көрінуіне тілектеспіз. Ұйқымызды күзетіп, бізді қонаққа шақырып, қару түрлерімен таныстырып жатқан қазақ армиясының ұландары жасай берсін. Қарулы Күштердің мәртебесін көтеру, әскери мамандықты көпшілікке танымал ету және жас патриоттарды тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шараға №10 мектептен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының оқушылары келіп отырмыз. Ризашылығымызды білдіреміз, – деп атап өтті №10 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтыншаш Айтқұлова.

Әскери қызметкерлер Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 44803 әскери бөлімінің С-300 зениттік-зымырандық дивизионының аумағында мектеп оқушыларына арналған аталмыш шаралар тұрақты өтетінін және алдағы уақытта да көптеп ұйымдастырылатынын алға тартты.

– Қазіргі таңда жастарды әскери қызметке дайындаудың көкейкесті мәселе екені белгілі. Себебі болашақ тізгінін ұстайтын жас патриоттарымыздың бәрін білгені дұрыс, бұл күн – Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі. Еліміздің барлық өңірінде дерлік 1 Мамыр мерекесі тойланады. Шараның мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау. №10 жалпы білім беретін мектептің жоғарғы сынып оқушылары келді. Кей оқушы ұрыс қаруын алғаш рет қолға алғанын жасырмайды. Болашақ Отан қорғаушыларды бүгінгі іс-шараға әкелген мектеп басшылығына алғысым шексіз, – дейді С-300 зениттік-зымырандық дивизион командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, майор Рамазан Бақтияров.

 

Құралай КӨБЕНОВА,«QH»