Бейнебақылау – қылмысқа тосқауыл
Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі – заң мен тәртіптің сақталуы. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр. Бұл бағытта заманауи технологиялардың да рөлі артып келеді. Соның ішінде бейнебақылау камералары қылмыстың алдын алуға және құқық бұзушыларды анықтауға мүмкіндік беретін тиімді құралға айналды.
Жуырда Қарағанды қаласында автокөліктен жасалған ұрлықтың қысқа мерзімде ашылуы осының айқын дәлелі болды. Тәртіп сақшылары бейнебақылау жүйесінің көмегімен қомақты қаржы жымқырған күдіктіні анықтап, жауапкершілікке тартты.
Оқиға қаладағы автотұрақтардың бірінде болған. 35 жастағы ер адам тұрақта тұрған «Газель» автокөлігінің салонынан бір миллион теңгеден астам қаражатты алып кеткен. Көлік иесі ақшасын көлікте қалдырып кеткенін байқамай, кейін қайта оралғанда барсетканың жоғалғанын анықтап, полицияға жүгінген.
Қылмысты ашу барысында полиция қызметкерлеріне екі маңызды дәлел көмектесті. Біріншісі – оқиға орнынан табылған саусақ іздері болса, екіншісі – бейнебақылау камераларына жазылып қалған бейнематериалдар.
Камералар түсірген жазбаларды зерделеу кезінде күдіктінің көлікке жақындап, барсетканы алып кеткен сәті анық көрінген. Тергеу барысында өзінің камера объективіне түсіп қалғанын білген ер адам бой тасалауға тырысқан. Ол тұрғылықты мекенжайына бармай, туыстарымен де байланысын үзген. Соған қарамастан полиция қызметкерлері оның жасырынған орнын анықтап, қолға түсірді.
Ұстау кезінде күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Ұрланған барсетка иесіне қайтарылғанымен, оның ішіндегі ақшаны жұмсап үлгергені белгілі болды. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл оқиға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бейнебақылау жүйесінің маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Бүгінде Қарағанды қаласында көшелерде, аулаларда, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандарда орнатылған камералар құқық қорғау органдарының сенімді көмекшісіне айналған. Олар тек қылмысты ашуға ғана емес, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауға және төтенше жағдайларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, көптеген құқық бұзушылар бейнебақылау камералары орнатылғанын көргенде заңсыз әрекеттен бас тартады. Яғни камералар қылмысты ашудың ғана емес, оның алдын алудың да тиімді тетігі болып отыр.
Заң мен тәртіп қағидатының басты мақсаты – әр азаматтың өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау. Бұл үшін құқық қорғау органдарының жұмысы ғана жеткіліксіз. Әрбір тұрғын заң талаптарын сақтап, жеке мүлкіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Мәселен, ірі көлемдегі ақшаны көлік ішінде қараусыз қалдыру қылмыскерлер үшін оңай олжаға айналуы мүмкін.
Қарағандыдағы бұл оқиға заңның үстемдігі мен құқық бұзушылықтың жазасыз қалмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал бейнебақылау камералары бүгінде қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құралдардың біріне айналып, тұрғындардың тыныштығын қорғауға қызмет етіп келеді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

