Баяншы Мартбек

Адамзаттың барлық жақсы қасиеттерін жас ұрпақ бойына сіңіру, олардың дұрыс қоғамдық көзқарасының қалыптасуы, тұлғаның толыққанды дамуы – бұл әрбір қоғамның басты мақсаты. Осы тұрғыда эстетикалық тәрбиенің ерекше орны бар. Эстетикалық тәрбие жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, өмірге деген көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әсіресе, музыка арқылы балалардың жүрегіне адамгершілік, сүйіспеншілік, адамға деген құрмет пен мейірім сіңіреді. Музыкалық тәрбие жас өскіннің ішкі әлемін байытып, оның рухани дүниесінің тереңдігін ашады. Бұл жөнінде баян сыныбы бойынша шәкірт тәрбиелеп, қоғамдық өмірге өз үлесін қосып жүрген Мартбек Кәмелұлының еңбегі ерекше.

Оның ұстаздық жолы – жас ұрпаққа музыканың терең мәнін түсіндіріп, оларды гуманистік құндылықтарға баулудағы зор үлесімен айшықталады. Мартбек Кәмелұлының еңбектері музыкалық білім беруден ғана емес, сонымен қатар, тәрбиелік шараларда да маңызы зор. Ол өзінің шәкірттеріне тек өнерді емес, адамгершілік құндылықтарды да сіңіруде. Оның ұстаздық жолындағы жетістіктері жас ұрпақтың қоғамдық өмірге дұрыс көзқарас қалыптастыруда қандай үлкен мәні бар екенін дәлелдейді.

Мартбек Күлбаев – қазақ өнерінің шырақшысына айналған тұлға, баян аспабымен жүрегін тербеп, шәкірттеріне өнерді, әдемілікті, адамгершілікті сіңіруде. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Нүркен Әбдіров ауылында 1968 жылы дүниеге келген ол, музыкаға деген алғашқы қызығушылығын бала кезінен оятады. Мартбек Кәмелұлының шығармашылық жолы – бұл тек баян аспабымен ғана шектелмеген, оның өміріндегі әрбір кезеңнің маңызы зор, себебі ол әрқашан өзіне өнерді өмірінің негізі етіп алған. Бала күнінде музыка мектебінде баян сыныбы бойынша білім алған Мартбек Кәмелұлының музыкалық таланты мектеп қабырғасында қалыптасып, болашақта оның өнер жолына баулу мен халықтың жүрегіне жол табуға себеп болды.

Қызығушылықтың негізі қалыптасып, ауылда өскен өнерге құштар сыныптас, қос Мартбек – Мартбек Күлбаев пен Мартбек Тоқмырза арасындағы достық қарым-қатынас жас ұрпақтың білім мен өнерге деген ынтасын арттырды. Мартбек Тоқмырза: «Мен нөмірі бірінші Мартбекпін», – деп айтатын еді», – дейді еске алып кейіпкеріміз, ал өз кезегінде Мартбек Кәмелұлы: «Мен Мәртбекпін», – деп досына әзілмен жауап қайтарған. Бұл ерекше достық олардың шығармашылық жолдарының өрлеуіне ықпал етіп, туған ауылдарының атын шығаруына мүмкіндік берді. 1985 жылы Нүркен Әбдіров ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Мартбек Кәмелұлы Қарағанды қаласындағы Мәдени ағарту училищесіне түсіп, «Хор жетекшісі» мамандығы бойынша білім алады. Оқуды тәмамдағаннан кейін, ол білімін ауылына арнап, он жыл бойы өз қызметін мектепте жалғастырады. Музыка мектебінің директоры қызметіне дейін көтеріледі, ауылындағы жас таланттарды тәрбиелей отырып, олардың өнеріне баға бере білді. Мартбек Күлбаевтың еңбегі Қарқаралы ауданының Матақ ауылында да жалғасады, мұнда ол жеті жыл бойы еңбек етіп, маман тапшылығы мәселесін шешуге өз үлесін қосады. 2009 жылы Саран қаласына көшіп келіп, бүгінде Ақтас кентінде мәдени сауық орталығында музыкалық жетекші болып жұмыс істейді. Одан бөлек, ол «Татар-Башқұрт» ансамблін баян аспабымен сүйемелдеп, сондай-ақ «Ақ шаңырақ» орталығында баянмен әсем әуендерді шырқап жүр. Ол «Ардагерлер хорының» жетекшісі ретінде де танымал. Мартбек Кәмелұлы баян аспабын таңдағанын және осы аспаппен өзін толық танытып, өнер әлемінде өз орнын тапқандығын айтады. Ол аудандық және республикалық конкурстардың лауреаты, көптеген байқаулардың жүлдегері.

– Мен баянды таңдағаным – тағдырдың сыйы, оны орындау мен үшін үлкен мәртебе, өнер жолындағы жетістіктерім тек өз талантымның нәтижесі ғана емес, сонымен қатар, ата-анамның музыкалық өнерге деген жақындығы мен қолдауының арқасы. Әкеміз ән айтуды жақсы көрді, менде бос уақытымда ән айтуға уақыт табатыным бар, – дейді баяншы Мартбек Кәмелұлы.

Өнерге деген шексіз сүйіспеншілігін, мейірімділігін, жылулықты Мартбек Кәмелұлы өмірінде әрдайым сақтап келеді. Бүгінде ол өзінің немерелерін серуендетіп, таза ауада демалуды ұнатады. «Өнерді бағалап жүрген халқыма алғысымды айтамын, өзімнің шәкірттеріме де, мені қолдаған жанұям мен достарыма да, бар жақсылықты тілеймін», – дейді ол. Мартбек Кәмелұлының еңбек жолы мен өнердегі жетістіктері оның тек кәсіби маман ғана емес, адам ретінде де өз орнын тапқанын көрсетеді. Өнерге қосқан үлесі мен қызметі арқылы ол еліміздің мәдени өміріне үлкен үлес қосуда.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»