Басты мақсат – сапалы білім

2025 жылға дейін елімізде 800 мың бала заманауи мектепте оқиды. Бұл игілікті іс «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге аспақ. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесі толық шешілмек. Бұл туралы ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.

7

Білім беру саласы ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан болар, Президент жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы қажеттігін қадап айтқан болатын. «Жағдайлы білім ошақтарын жасақтау Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болсын» делінді. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Бұл бастама ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтуға да септік етпек.

Ал Қарағанды облысында соңғы 5 жылда оқушылар саны 13 мыңға артқан. Бүгінгі таңда біздің аймақта 2 мың 600 оқушы стандартты сыйымдылықтан артық орын алуда. Яғни осынша шәкіртке мектеп қажет. Мектепте орын тапшылығы әсіресе Қарағанды қаласында, Бұқар жырау және Шет ауданында тіркелген. Облыстық қоғамдық кеңес отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының біздің аймақтағы орындалысы талқыланды.

Қарағанды облысында жалпы білім беретін 409 мектеп бар. Оның екеуі апатты жағдайда, бір мектеп үш ауысымда білім береді. 13 мектептің тұрғызылғанына 70 жылдан астам уақыт болған, сәйкесінше ғимараттардың тозығы жеткен. 4 мектеп саман кірпіштен қаланған. 81 білім ұясы мектепке негізделген нысанда орналасқан екен. Яғни өңірімізде мектеп ғимараттарын жаңалау мен жасақтау – уақыт талабы. Бұл бір мәселе болса, орын тапшылығы да өзекті. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, бүгінгі таңда Қарағанды облысы мектептерінде 169 мың 71 оқушы бар. Облыс бойынша мектептердегі орын тапшылығы 2 мың 573 орынды құрап отыр. Бұл дегеніміз – жалпы контингенттің бір жарым пайызы. Нақтылай айтқанда, Қарағанды қаласында 2 мың 374 оқушыға орын керек. Бұқар жырау ауданында 168 оқушы, Шет ауданында 32 бала қажетті сыйымдылықтан артық орын алып отыр.

Мектептердегі орын тапшылығын жою, ескі мектептер орнына жаңасын салып, білім ордаларын сапалы білім беруге қолайлы етіп жасақтау алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде жүзеге асады. Білім басқармасының басшысы Қоғамдық кеңес мүшелеріне алдағы 2 жылда тұрғызылар мектептер турасына ақпарат ұсынды.

«Облыста оқушылардың білім алуына жайлы жағдай жасау үшін жалпы білім беретін 22 мектеп тұрғызу жоспарланып отыр. Бұл тізімдегі 18 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы негізінде тұрғызылса, 4 мектеп құрылысы облыстық бюджет есебінен жүргізіледі. Бізде апатты екі мектеп бар, оның біреуі Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылындағы 150 орындық мектеп болса, екіншісі – Қарқаралы ауданының Талды ауылындағы 200 орындық мектеп. Осы апатты мектептерге мердігер бекітіліп, биылғы жылға 300 млн-нан артық қаржы бөлінді. Келер жылы қазан айында мердігерлер осы екі мектептегі жұмысты толық тәмамдап, тапсыруы тиіс».

Апатты деген 2 мектеп жағдайы осылай шешілсе, үш ауысымдық №101 мектептегі мәселе Күнгейде 600 орындық және Оңтүстік-Шығыс шағынауданында 900 орындық тағы бір мектеп тұрғызу арқылы шешімін таппақ. Бұл білім ошақтары облыстық бюджет есібінен келер жылы салынады. Ал «Жайлы мектеп» жобасы бойынша республикамызда мектеп тұрғызуға жауапты бірыңғай оператор болып «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы бекітіліпті. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша бірыңғай оператор құрылысшылар арасында конкурс өткізіп, мердігерді іріктейді. Құрылысты жобалау бойынша келісімшартқа отырады. Нысанды тұрғызу ісін қадағалауға алып, мониторинг жасап отырады. Толықтай салынып болған, қажеттілікпен қамтамасыз етілген әбден даяр мектепті жергілікті атқарушы органға тапсырады. Қорыта айтқанда, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынар мектептер барынша сапалы, пәндік кабинеттер толықтай жасақталған, оқушыға заманауи үлгіде бар ыңғайлылық қарастырылған білім мекемесі болғалы отыр. Облысымызда 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» бағытында 18 мектеп бой түзейді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын ел Президенті қолға алып, Жолдауда 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасау қажеттігін тапсырды.

Оқушыға жайлы мектеп жасақтап қана қоймай, шәкірттің бас амандығын қамту да аса маңызды. Осы мақсатта өңірдегі барлық мектепте бейнебақылау камералары орнатылған. Инклюзивті білім беру үшін де барынша жағдай жасалуда. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы мұғалімдер тапшылығы мәселесін шешу көзделуде. Осыған дейін өткен аппараттық кеңестердің бірінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек әсіресе ауылдық жерлерде педагогтер тапшылығы мәселесін шешу бағытында шаралар қабылдау қажет екенін баса айтты. Өңірлік әкімдер міндеті – жас мамандарға жағдай жасау. Жоғары оқу орындарының түлектері ауылға қайтуы үшін бірінші кезекте тұрғын үй, тұрмыстық мәселелерді шешу қажет екеніне жекелей тоқталып өткен болатын.

Қорыта айтқанда, оқушыға жағдайлы мектеп, мұғалімге жайлы жағдай жасау арқылы білім сапасын арттыру кешенді түрде жүзеге асуда.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»