БАСПАНАЛЫ БОЛУ ҮШІН ҚАЛТАЛЫ БОЛУ КЕРЕК…

Әлемде металл бағасының күрт өсуіне байланысты жарты жыл ішінде Қазақстанда және көрші елдерде құрылыс материалдары бірнеше есе қымбаттады. Құрылыс арматурасы ғана емес, сонымен қатар цемент, ағаш, бетон және шынының бағасы аспандап кеткен.

Үкімет металл бұйымдар қымбаттауының негізгі себептерінің бірі құрылыстың қарқынды өсуі деп атады. Құрғақ қоспалар, қиыршық тас пен бетонға келетін болсақ, бұл өндірушілердің немесе сауда компанияларыныңалыпсатарлардың нақты келісіміне байланысты. Қауіп тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламаларына төніп тұр…

2020 жылдың төртінші тоқсанында бүкіл әлемде металл мен металл өнімдері бағасының күрт өсуі басталды. Болат арматурасы, темір кені және қара металл сынықтары 1,5 есеге, рулонды болат 2 есеге дейін қымбаттады. Бір ғана мамыр айында кейбір өндірушілер металл өнімдерінің құнын 17-29%- ға көтерді. Басқа да құрылыс тауарларының бағасының өсуіне дәл осы жағдай себеп болуы мүмкін. Өнім құнының өсуі үйдің қымбаттауына алып келді. Бұл қазірдің өзінде әлеуметтік мәселеге айналып үлгерді.

Ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстанның бірқатар құрылыс компанияларының басшылары мен жеке құрылыспен айналысушылар бағаның шарықтауын айтып, дабыл қақты. Құрылыс материалдары бірнеше есе қымбаттады және әлі күнге дейін өсуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мәселені анықтап, бағаны бақылауға алуды тапсырды.

2 маусымда халық алдындағы есептік кездесуде Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Құрылыс арматурасы бағасының күрт өсуі жыл басынан бері бүкіл әлем елдерінің жағасын ұстатуда» деген болатын.

— Бұл пандемиядан кейін көптеген елдер экономикалық дағдарыстан шығып, құрылыспен белсенді айналысып жатқандығына байланысты. Құрылыс арматурасының негізгі көлемі Ресейден сатып алынады. Олар нарықты толығымен қамтамасыз етуге қауқарсыз, — деп түсіндірді ол.

Осыған қарамастан, Үкіметке ағымдағы жылдың өзінде елімізде 17 млн шаршы метр, 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғынүй салу міндеті жүктелген.

Жылжымайтын мүлікке сұраныс мемлекеттік бағдарламалар негізінен және зейнетақы қорындағы ақшаны тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға рұқсат бергендіктен артып отыр. Мұның бәрі баға параметрлеріне әсер етеді. Сонымен қатар, «кейінге қалдырылған сұраныс» есебінен де артуы мүмкін. Яғни, 2020 жылы салынуы тиіс нысандар бір жылға шегеріліп, биылғы жылғы құрылыс көлемі ұлғайды.

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, министрлік үдерістерді қадағалап отыратын болады. Ал, металл бағасының цемент, құрғақ қоспалар, бетон, ағаш және шыны сияқты маңызды материалдардың бағасына әсерін анықтау бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне тапсырылды.

— Елімізде цемент көлемі жеткілікті. Қазақстанда 12 цемент зауыты жұмыс істейді. Бірақ тұрғынүй нарығы төңірегіндегі жасанды дүрлікпе осы құрылыс материалдарының да қымбаттауына әкеп соқтыруы әбден мүмкін, — деді министр.

Оның пікірінше, бұл саудасаттық компанияларының «еңбегі». Цемент бағасын төмендету үшін Үкімет импортқа рұқсат беруге дайын. Нарықтағы цемент орны толтырылып, бағалар төмендейді. Бірақ, бұл өндірушілердің, ірі салық төлеушілердің жұмысына кері әсер етуі мүмкін.

Аталмыш мәселе Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жалғасын тапты. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, бүгінде қазақстандық өндірушілер ішкі нарықтың базалық құрылыс материалдарына — бетон, цемент, қабырға материалдарына деген қажеттілігін қамтамасыз етуде. Алайда, сынықтардың жетіспеушілігіне байланысты, зауыттар ішкі нарықты тек 60% қамтамасыз ете алады. Кірпішті бір ірі кәсіпорын, 11 орта және 276 шағын кәсіпорын өндіреді. Бірақ олар өткен жылы өндіріс көлемі 2 есеге жуық өскеніне қарамастан, ел ішіндегі қажеттіліктің тек 62%-ын ғана өтейді.

Құрылыс материалдарының бірқатар түрлерінің қымбаттауының себебі – алыпсатарлық. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Самбетов өндірушілер арасында бағалық сөз байласу фактілері анықталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта 40 субъектіге анықталған құқықбұзушылықтарды жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы хабарлама жіберілді. Оның он үші – кірпіш, оны – арматура, жетеуі – цемент, төртеуі – бетон, екеуі – қиыршық тас, және екеуі – полиэтилен, бір-бір хабарламакабель және шыны өндірушілер.

Оған қоса, тауар нарықтарында заңды ісәрекеттерге қарсылығына байланысты 21 әкімшілік іс қозғалды. Сот тағайындаған айыппұлдардың жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асты.

Жалпы жағдай жылжымайтын мүліктің құнына теріс әсер етуде. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтармаусым айларында алғашқы тұрғын үй бағасының өсуі 9,2%-ды құраған. Бірақ, нақты нарықтық бағалар әлі де жоғары – «әр аймақта әр түрлі» дейді сарапшылар.

Сонымен қатар, мемлекеттік келісімшарттар бойынша тұрғын үй салатын құрылыс компаниялары бүгінде шығынға батуда. Нарықтағы жағдайға байланысты, олар жобалық-сметалық құжаттаманың қолданыстағы есептеулерін өзгертуді талап етуде.

Арматураның, цементтің және бетонның құны жылдық мәнде 2-3 есеге өсті. Олармен бірге газоблок, профтруб, мырышталған табақ және швеллер секілді материалдар да қымбаттады. Құрылыс материалдарынан басқа, электр энергиясына, дизель отынына шығындар өсті, құрылысшылардың еңбекақысы жоғарылады.

Егер, болашақта жобалау құжаттары қолданыстағы нарық бойынша емес, сметалық жинақтардың ескі бағаларына негізделетін болса, онда мердігерлер банкротқа ұшырамау үшін көп күш салулары тиіс. Мәселе шешілмесе, құрылысты тоқтату туралы ұсыныс түсетін болады. Бұл тек үй салу ғана емес, көпірлер мен жол құрылыстарына да қатысты мәселе. Қазір аталған жағдайларды Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп пысықтауда.

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында тұрғын үй нарығындағы бағаны ұстап тұру және құрылыс материалдарының өсуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда. Құрылыс индустриясын дамыту жөнінде бағдарламалар іске асырылып, 2023 жылға қарай импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен 100%-ға дерлік қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазақстанда 360 млрд теңгеге 22 зауыт салу жоспарланғандығын атап өтті Қайырбек Өскенбаев.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
QH.