Бас жүлде «Айгөлекте»

Қарағанды қаласында «Заманауи қазақ тілі кабинеті» байқауы ұйымдастырылған болатын. Байқау 2020-2025 жылдарға арналған тіл саясатын іске асырудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған. Оған қаламыздағы білім ошақтарының барлығы дерлік қатысып, өз жобаларын ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде «Айгөлек» бөбекжайына берілді. Жеңімпазды Қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім құттықтап, бөбекжай жұмысымен танысты.

Бөлім басшысының айтуынша, балабақшалардағы қазақ тілі кабинеттерін заман талабына сай жабдықтау – басты мақсаттың бірі. Сондықтан білім ошақтарын ынталандыру мақсатында байқау ұйымдастырылған екен. Оған қаладағы 42 балабақшаның 30-ы қатысқан. Байқау қорытындысында «Балақай» бөбекжайы І орын иегері атанды. ІІ орынды «Шаңырақ» пен «Алмагүл» балабақшасы иеленді. Ал «Алтын сақа», «Әйгерім» мен «Балбөбек» балабақшасы ІІІ орынға лайық деп танылды. Бас жүлде кабинетті ұлттық құндылықтарға сай жабдықтай білген «Айгөлек» бөбекжайына берілген.

– Балалар көріп, қолмен ұстайтын болса, жадында тез сақталады. Осындай тәсілмен баланың бойына құндылықтар дарып, есте сақтау, сөйлеу қабілеті дамиды. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде «сабақ» деген ұғымнан арылудамыз. Бөбектер заттық кеңістікті ортада өсіп-жетілуі қажет. Ал біз соған жағдай жасаудамыз, – дейді Есентай Әшім.

Оның айтуынша, тіл саясатын жүзеге асыру кабинеттерді әдемі жабдықтаумен ғана шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта ұстаздар мен қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытында да кешенді жобалар қолға алынбақ. Сонымен қатар тәжірибе алмасу мәселесін үйлестіру де күн тәртібіне қойылған екен.

Айта кету керек, «Айгөлек» бөбекжайында бүгінде 9 топ, 225 тәрбиеленуші бар екен. Мамандар саны 43. Мұнда «Өнер», «Көркем әдебиет және тіл» және «Сюжеттік-рөлдік ойындар» орталықтары жұмыс істеуде. Олардың әрқайсысында ұлттық ойындар мен дәстүрге байланысты дүниелер қойылған екен.

– Біз қазақ тілі кабинетін жабдықтау барысында дизайнның эстетикалық талапқа сай болуына және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бұйымдармен безендірілуіне баса назар аудардық. Қазақ тілі орталығы мен музейді безендіруге ұжым мүшелері толықтай үлес қосты. Мұнда қойылған ұлттық нақыштағы дүниелерді тәрбиешілер өздері тігіп әзірледі, – дейді «Айгөлек» бөбекжайының директоры Арайлым Қалибекова.

Бөкбекжай қызметкерлері кабинетті әрлеу барысында жаңа технология мен ұлттық құндылықтарды үйлестіре білген екен. Соның бір айғағы – пазл ойынын қазақы танымға бейімдеу. Яғни бұрын балалар түрлі шетелдік мультфильм кейіпкерлерін құрастырып келсе, енді оның орнына ұлттық ою-өрнек құрастырады екен. Сол арқылы ою-өрнектердің мәні, аты туралы ақпараттарды оңай есте сақтайды. Алдағы уақытта бөбекжай қызметкерлері өздерінің тәжірибелерін өзге әріптестерімен бөлісуді де жоспарлауда.