Баланы ойын өсіреді

Бала тәрбиесінде ұлттық ойындардың алатын орны ерекше. Себебі ұлттық ойындар – ата-бабаларымыздан қалған байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан үйренудің, күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор.

Ұрпақ тәрбиесі – ата-бабамыздан келе жатқан рухани мұралардың бірі. Қай елдің болсын бірлігінің қалыптасуы мен өркендеуі дәстүрлі ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарымен сабақтасып жүзеге асатыны белгілі. Сол себепті бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықтарды дарытып, рухани бай мұрамызды сіңіре тәрбиелеу – алда тұрған басты міндеттеріміздің бірі.

Халықта «баланы ойын өсіреді» деген даналық сөз бар. Бала ойнап жүріп ойланады, жүйкесі тынығады, көңілі өсіп, ойы сергиді, денесі ширай түседі. Бала ойын арқылы ұлттық тәлім-тәрбиенің үлгісін саналы түрде бойына қабылдайды. Осы орайда асық ойындарының орны ерекше. Асық жайлы батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Асық – халықтық үлкен тәрбие», – деген екен. Бұл сөздерде үлкен мән-мағына жатыр.

Ұлтымыздың асық ойыны – тәлім-тәрбие көзі. Ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні, бірлік пен ынтымақ жолын дамытуда да маңызы зор. Осы орайда біздің «Балапан» бөбекжайымызда «Мектепке дейінгі ұйым балаларының бойына өмірлік дағдыларды игерту үшін әрекеттерінде асықты тиімді қолдану жолдары» атты стенділік таныстырылым форматында облыстық семинар өтті. Семинардың мақсаты – мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, балалармен жұмыс жүргізгенде асықты тиімді қолдану, әр түрлі іс-әрекетте дәстүрлі емес техниканы қолдану әдістерін меңгеруіне жағдай жасау.

Бөбекжай тәрбиеленушілері де келген қонақтарға қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптеп «Айтыс» өнерін, музыка жетекшісінің сүйемелдеуімен ұлттық аспаптармен оркестр ойнап шықты. Қонақтар өздеріне ұнаған жақсы әсерлерін бөлісіп, асық ойнап, жақсы тілектерін білдіріп, сәттілік тіледі.

Бөбекжай директоры Сүлейменова Ләззат Қуанышқызы: «Аталған жоба шеңберінде жыл бойы түрлі семинар, байқау өткізіліп жатыр. Бүгінгі семинар – осы кешенді іс-шаралардың жалғасы», – деп қорытындылады.

Асық ойыны балаларды мергендiкке, ептiлiкке баулиды. Бұған қоса аяқ-қолдың қимылын жақсартып, денсаулыққа көп пайдасын тигiзедi. Балалардың ойлау қабілетін дамытады, жан-жақты дамуына ықпал етеді, адамдармен тез тіл табыса білуге үйретеді.

Гүлжахан Әбілмаженова,

«Балапан» бөбекжайының тәрбиешісі