Балам ақылды болсын десеңіз, кітапханаға келіңіз…

Әр адамның ең жақын досы, өмірдегі досы кітап болуға тиіс.

Мұхтар Әуезов

«Кітап – жан азығың» демекші, баласының болашағына әрбір ата-ана алаңдайды. Білімді, жан-жақты өнер қуамын деген жастарға қазіргі күні даңғыл жол ашылған. «Қалың елі, қазағы, қайран жұртының» қамын ойлаған данышпан Абай елінің сауатты, білімді болғанын қалаған. «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» десек, ал ол білім кітапта. Сол үшін кітап оқуымыз қажет. Кезінде оқымысты Альберт Эйнштейн «Бала ақылды болуы үшін не істеу керек?» деген сұраққа: «Егер де балам ақылды болсын десеңдер, ертегі оқып беріңдер. Егер олардың одан да ақылды болғанын қаласаңдар, одан да көп ертегі оқыңдар», – деген екен.

Бүгінгі тeхникaның қарыштап дaмығaн ғaсыpындa қолынa кітaп aлып, оның қызығынa бaтып отыpғaн балалapды кeздeстіpу қиын. Ақпараттың жылдам өзгеріп отыратын заманында балалардың оқу форматы да, талғамы да өзгерген. Кітап оқитын балалар баршылық, дегенмен оқымайтын балалар да жеткілікті. Оның себептері әр түрлі, атап айтқанда: кітап оқу дағдысының қалыптаспауы, отбасында кітап оқу мәдениетінің жоқтығы, шытырман оқиғаларымен кітап әлеміне қызықтырып әкететін туындылардың аздығы және тағы басқалары.

2021-2023 жылдардың Балалар әдебиеті жылы және биылғы жылдың Балалар жылы деп жариялануы – осы мәселелердің өзектілігінің көрінісі. Кітапханадағы «Балалар әдебиетінің ғажайып әлемі», «Қазақстан – ұлы Отаным», «Бәрін білгім келеді», «Қара, оқы, зердеңе тоқы», «Рухани жаңғыру – ұлт жаңғыруы», «Ғажайып ғарыш әлемі», «Бір ел – бір кітап» атты стенділер тартымдылығымен ерекшеленеді. Бүгінгі бала – ел болашағы, ал білімді бала – ел үмітін ақтайтын жеткіншек. «Білім кілті кітапта» десек, ал кітапхана – білім нәрімен сусындауға мүмкіндік жасайтын бірегей орта.

Қарағанды қаласындағы Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы оқырмандарға ыңғайлы жағдай жасау үшін белсенді түрде көптеген жұмыс атқаруда, бөлімдерге редизайн жасалды, кітапхана кеңістігі жаңаша сипат алды. «Күншуақ» интеллектуалды даму залы ашылып, келушілер үшін жайлы орындар жұмыс атқаруда. Қордың ашықтығы мен қолжетімділігі оқырмандардың оң әсерін тудыруда. Кітапхананың архитектуралық ерекшелігі жайлылық пен жылулық атмосферасын құруға ықпал етеді. Қаламыздың орталығында орналасуы, көлік қатынасының ыңғайлылығы, кең бөлмелері кітапхананың жағымды келбетінің маңыздысы деуге болады.

Тәуелсіз еліміздің баға жетпес байлықтары – жас жеткіншектердің туған елі мен жеріне деген асқан сүйіспеншілігін рухани дамыту үшін жан-жақты білім қажет. Ал білімнің басты құралы – кітап. Отбасылық кітап оқу дағдысын қалыптастыру туралы айтсақ, кітапханамызда ата-аналармен жұмыс атқарылады. Кітапхана отбасылық құндылықтарды насихаттауға және отбасын біріктірудің бірден-бір маңызды бөлігі – отбасылық оқу мәселелерін үнемі назарда ұстайды және оқырмандар мен олардың ата-аналарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды.

Балалардың кітап оқуының қазіргі дағдарысы – ең алдымен, кітапханашылар мен мұғалімдерді көбірек алаңдататын мәселе және ата-аналардың көпшілігі мұны үлкен проблема деп ойламайды. Кітап оқитын баланың отбасында оқуға деген сүйіспеншіліктің жақсы үлгісі көрінеді.

Психолог мамандардың айтуынша, отбасының өмірі баланың санасында ата-аналары ол туралы ойлаған уақыттан ертерек жазылады екен. Яғни отбасындағы жақсы дағдылар – баланың толық тұлға болып қалыптасуының негізгі кілті.

Кітапханамызда 2018 жылдан бастап жыл сайын Балалар кітабының апталығында «Оқырман бенефисін» жариялап, бірнеше номинация бойынша үздік оқырмандарын марапаттайды. Бұл шараға жеңімпаз оқырман балалармен бірге ата-аналары, ата-әжелері, мұғалімдері мен құрдастары да шақырылып, кітап оқитын баланың беделін көтеруді көздейді.

Номинациялар арасында «Оқитын отбасы» – ең басты номинация. Апталық аясындағы «Оқырман бенефисінің» салтанаты ата-ана мен баланың дұрыс бағытын көрсетеді.

Кітап оқуды жарнамалау қажет десек, Балалар әдебиеті жылы аясында кітапхана Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қарағанды қаласының Ішкі саясат бөлімімен болған серіктестік нәтижесінде «Үздік бол – кітап оқы!» әлеуметтік жобасын жүзеге асырды. Қаланың орталық көшелеріндегі билбордтарға Қазақстанның және Қарағанды облысының танымал тұлғаларының кітап оқу маңыздылығы туралы сөздері жазылды. Ұлы Абайдан бастап, ақын-жазушылардың кітап оқу туралы нақыл сөздері жазылған билбордтар қаланың Бұқар жырау, Нүркен Әбдіров, Республика даңғылдарына, Абай, Дүйсембеков көшелеріне орналастырылған.

Кітапхананың балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау аясында кітап оқу мен оны жылжытудың, кітапхана қызметін дәріптеудің, жаңа оқырмандар тартудың тиімді форматы болатын «Менің өмірімдегі кітаптар» кітапханалық жобасы нәтижелі өтті.

Балалар кітапханасының қоры оқырмандар талабына сай. Қазақ тіліндегі балалар әдебиеті аясындағы мәселелер бүгінде басты проблема болып отыр. Бір емес, жыл сайынғы мәселеге айналып келе жатқан дүние – қазіргі қазақстандық жазушылардың балаларға арналған шығармаларының өте аздығы. Сонымен қатар прозалық шығармалардың пайыздық үлесі поэзиямен салыстырғанда төмендеу.

Кітапханада балалар ақын-жазушыларының оқырмандарымен кездесуі ұйымдастырылуда. Мұндай кездесулер бала жүрегінде мәңгі сақталып, сол автордың кітабын қолға алуға бір себеп болары сөзсіз. Кітапханада балалар ақыны Жақан Смақовтың 90 жылдығына орай «Балаларға – базарлық» атты оқырман конференциясы өткізілді. Шараға оқырмандармен кездесу үшін Ж.Смақовтың қызы Манат Жақанқызы Алматы қаласынан арнайы шақырылды, сонымен қатар нағашы ағасы А.Әубәкірұлы, ақынның жерлестері С.Балташұлы мен Ж.Қызбалаұлы, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.Айдарбекқызы құрметті қонақ болды. Іс-шара барысында қарапайым жырларымен-ақ жеткіншектер жүрегіне нұр сеуіп, қыруар іс атқарған көрнекті балалар ақынының шығармашылығы туралы айтылып, Қарағанды қаласының мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін оқып, жұмбақтарын шешті. Сонымен қатар балалар ақыны Жеңіс Қашқыновтың 80 жылдығына орай «Ғашық көзбен қарадым гүл өмірге…» атты әдеби кеш өткізілді. Шараға Жеңіс Қашқыновтың қарындасы Сара Қашқынова және жеңістанушы, журналист, «Ағылшынша тіл сындыру» кітабының авторы Ернат Мелсұлы және Қарағанды қаласындағы зиялы қауым өкілдері арнайы шақырылды. Шара барысында балалар ақыны Жеңіс Қашқыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат берілді, Қарағанды қаласының мектеп оқушылары ақынның өлеңдері мен «Ақжолтай Ағыбай батыр» поэмасынан үзінді оқыды. Сонымен бірге жазушы, ақын және драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәуле Досжанмен кездесу өтті.

Абай атындағы балалар кітапханасында 70 жылға жуық оқушылардың көктемгі демалысында оқырмандар үшін жарқын оқиға болатын кітапханалық мереке – Балалар кітабының апталығы наурыз айында жыл сайын өткізіліп тұрады. Бұл іс-шаралар Балалар жылы және Балалар әдебиеті жылы аясында өтіп отыр. Апталықтың бірінші күні «Мың тағзым саған, кітап!» атты балалар кітабы апталығының ашылуы өтті. Шара барысында Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенттері дайындаған С.Маршактың «Кітапша туралы кітап» өлеңі бойынша театрландырылған қойылым көрсетіліп, оқырман балалар кітап және кітапхана туралы өлеңдерді мәнерлеп оқыды.

Балалар жылында Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы осы идеяны жүзеге асыру үшін «Балалар, сіздер үшін жазамыз» жобасын әзірлеп, Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан қолдау тапты.

Жобаның мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді авторлармен таныстыру арқылы қазіргі қазақ әдебиетін оқуға тарту. Осы жоба аясында белгілі балалар жазушыларымен, ақындармен, драматургтермен және балалар кітаптарының иллюстраторларымен бірқатар кездесу ұйымдастырылды.

Кітапхана кеңістігіне эдьютейнмент алаңы барынша енгізілген. Яғни кітапханадағы клуб, үйірмелерде түрлі зияткерлік ойындар, сайыстар және тағы сол сияқты қызықты кездесулер өтіп тұрады.

Кең мағынада эдьютейнмент «әдемі қамтамаға» оралған кез келген білімді, өздеріне қажетті ақпараттарды тез, оңай, жақсы қабылдайды дегенді білдіреді. Мұны мұғалімдер мен психологтер бірауыздан мақұлдаған. Ойынмен оқытудың терең тарихи тамыры бар. Ойынның қаншалықты жан-жақты екенін әркім біледі: ол үйретеді, дамытады, тәрбиелейді, әлеуметтендіреді, көңіл көтереді. Кітапханаларда ұйымдастырылған түрлі клубтар мен үйірмелер балалардың зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған. Мысалы, біздің кітапхананың «Көңілді ғылым» кітапханалық зертханасында балалар түрлі тәжірибе жасап қана қоймай, жаратылыстану-ғылыми бағыттағы әдебиеттерге тереңірек қызығушылық таныта бастайды. Тәжірибелік сабақтар әр кез қызықты болып, ешқашан баланы жалықтырмайды.

Жетпіс жылға тарта тарихы бар, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан республикамыздың беделді балалар кітапханасының бірегейі Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы жылына 12 мың шамалы қарағандылық бала мен жеткіншекке кітап оқу қуанышын сыйлап келеді. Әлі де осы бағыт-бағдарларын жоғалтпай, білімді, рухани тәрбиелі азаматтарды дамытып, туған елінің патриоты мен зияткер ұрпақтарын қалыптастыруға дайын екенін айтады бізбен сұхбатында кітапхана басшысы Баян Қуанышқызы.

Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі