Балалар жинағының тұсаукесері

Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы кішкентай қала тұрғындарына ерекше тарту жасады. Кеншілер мәдениет сарайында өткен тәрбиелік әрі қызықты шара бүлдіршіндерге тамаша көңіл-күй сыйлап, отбасылық демалысты жарқын естеліктермен толтырды.

 

Шара аясында «Беу, туған жер!» атты кітапшаның және «Бұл – біздің жанұя» боямақ альбомының тұсаукесері өткізілді. «Беу, туған жер!» кітабы – ұлттық құндылықтар мен туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін ерекше шығарма. Ал «Бұл – біздің жанұя» боямақ альбомы балалардың шығармашылығын дамытуға арналған, әрі отбасылық құндылықтарды насихаттайтын мазмұнды жинақ. Бұл кітаптар мен альбомдар ата-аналар мен балалар арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Шараның ең жарқын сәттерінің бірі – «Алиса ғажайыптар әлемінде» қойылымы болды. Кішкентай көрермендер ертегі кейіпкерлерімен бірге ғажайып әлемге саяхат жасап, оқиға желісіне белсене араласты. Жылы шырайлы актерлік ойын мен сахналық безендіру бүлдіршіндерді ертегінің ішіне еліктіріп әкетті. Қойылымнан кейін балаларды көңілді ойын-сауық бағдарламасы күтті. Түрлі байқау, қызықты тапсырмалар мен аниматорлар ұйымдастырған белсенді ойындар балдырғандарды қуанышқа бөледі. Көптеген бала өздерін креативті қырынан көрсетіп, ал ата-аналар бүлдіршіндердің талантын тамашалауға мүмкіндік алды. Қарағанды облысының кішкентай тұрғындарына арналған жаңа жоба, YouTube желісінде де тіркелген. Жоба авторлары Эльмира Сайлауқызы және Салтанат Қайыржанқызы. Мультипликация арқылы балалардың дамуына мән берген қос ару, отбасы құндылығы бірінші орында екендігін айтады. Балаларға арналған өлеңдерді боямаққа сыйдырған арулардың пікірінше, туынды авторлары өздері.

– Шара тек балаларға ғана емес, отбасылар үшін де маңызды болды. Отбасылық құндылықтарды дәріптеп, бір-біріне уақыт бөлуге үндейтін мұндай шаралар қатысушылардың жүрегінен жылы орын тапты. Балалар мен ата-аналар ортақ естеліктерге толы ерекше уақыт өткізілді. Жинақ кітапшалар 150 данамен шықты, алғашқы кезекте кітапханаларға тегін таратылса, кейіннен мектептерге де таратылады, – дейді жоба авторы Эльмира Сайлауқызы.

Тағы бір автор Салтанат Қайыржанқызы болса, туындының шығуының өзі ерекше болғанын атап өтті.

– Біздің туындыларымыз өзгеше, домбыраның сүйемелдеуімен, авторлық музыкамен жүзеге асты. Жаңа туынды алғашқы қадам деп білеміз, бұл әлі бастамасы, орыс тілінде шығатын болады. Астана қаласында, арнайы студияда кәсіби мамандардың жұмылдырылуымен жүзеге асқан жоба деп айтуға болады, – дейді ол.

Қарағанды қаласының тұрғындары үшін осындай шаралар маңызды. Олар балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, рухани байлығын арттырып, болашаққа деген сенімділік сыйлайды. «Беу, туған жер!» кітабы мен боямақ альбомы сияқты мазмұнды жобалар жас ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосады. Бұл күн балғын бүлдіршіндер үшін ұмытылмас мерекеге айналды. Қарағанды қаласының мәдени өміріне жаңаша серпін берген бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табады, дейді ұйымдастырушылар.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                  

«QH»