Балаларға арналған жаңа білім кеңістігі
Қарағандының Майқұдық ауданында балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, қосымша білім алуына мүмкіндік беретін жаңа Оқушылар сарайының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Заманауи нысан бір мезетте 900-ге дейін баланы қабылдай алады.
Қазір құрылыс алаңындағы дайындық жұмыстары толық аяқталған. Мердігер компания ғимараттың негізгі блогының панельдерін орнатуға кіріскен. Сонымен қатар металл конструкцияларға арнайы отқа төзімді құрам жағылуда. Құрылыс жұмыстарына 80 адам жұмылдырылған.
Жаңа Оқушылар сарайы екі негізгі блоктан тұрады. Оның бірінде балалардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін дамытуға арналған үйірмелер орналасады. Мұнда оқушылар хореография, музыка, бейнелеу өнері, робототехника, STEM, бағдарламалау және дизайн бағыттарын меңгере алады. Сондай-ақ цифрлық технологияларды игеруге қажетті жағдай жасалады.
Екінші блокта әмбебап спорт залы болады. Балалар мұнда спортпен шұғылданып қана қоймай, түрлі жарыс пен бұқаралық спорттық іс-шараларға қатыса алады.
Жаңа нысан Майқұдық ауданындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға серпін бермек. Әсіресе Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс шағынаудандары арасындағы жаңа аумақтың қарқынды игерілуіне байланысты балаларға арналған білім беру, шығармашылық және спорт нысандарына сұраныс артып отыр.
Оқушылар сарайы пайдалануға берілген соң балалардың сабақтан тыс уақытын мазмұнды өткізуіне, шығармашылық және техникалық қабілеттерін жетілдіруіне, спортпен айналысуына кең мүмкіндік ашылады. Сонымен бірге жасөспірімдер заманауи технологиялар мен жаңа бағыттарды меңгере алады.
Болашақ Оқушылар сарайы Қарағанды қаласындағы Магнитогорская көшесі, 54/7 учаскесінде орналасады.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

