Бала денсаулығы – ұлт болашағы!

Туберкулез әлемдегі ең көп таралған инфекциялардың бірі болып қала береді: әлемде оны әрбір үшінші адам жұқтырған. Халық арасында туберкулезбен сырқаттанушылықтың жоғары таралуы аурудың балалар арасында жұқтыру деңгейінің өсуіне ықпал етуде. Олар ересектерге қарағанда жасына байланысты бұл ауруға көбірек бейім келеді.

Қарағанды облысында осы жылдың 5 айында балалар арасында туберкулезбен сырқаттанушылық 28,6%-ға, жасөспірімдер арасында 37,5%-ға өскені байқалады: 7 жағдай тіркелген, 100 мың бала санына шаққанда көрсеткіш 2,1-ді құрады; ал жасөспірімдер арасында 8 жағдай тіркелген, сырқаттанушылық көрсеткіші – 14,6.

Өкінішке орай, соңғы уақытта балалар денсаулығына жауап беретін ата-аналардың БЦЖ вакцинациясы мен ревакцинациясынан бас тартуы жиілеп кетті. Туылған балалардың 656-сы егілмеген, перзентханаларда вакцинациялаумен қамтылмағандардың үлес көрсеткіші 8,6%-ды құрады, оның ішінде уақытша медициналық шеттету себептері бойынша – 4,5% (346 жағдай), вакцинациялаудан бас тарту себептері бойынша – 4,0% (302 жағдай), басқа себептер бойынша – 0,6% (8 жағдай). Жаңа туған нәрестелерді туберкулезге қарсы екпелермен жеткіліксіз қамту болашақ аналар арасында вакцинация және осы аурудың алдын алу туралы хабардарлықтың төмендігінен туындайды.

ДДҰ ұсынымдарына сәйкес, туберкулездің ауыртпалығы жоғары елдерде барлық емшек жасындағы балалар БЦЖ вакцинасының 1 дозасын туғаннан кейін мүмкіндігінше ертерек алуы тиіс. Есепті кезеңде Қарағанды облысында 7 624 сәби дүниеге келді. Перзентханалар мен бөлімшелерде туберкулезге қарсы 6 968 бала егілді (91,4%), бұл сан ДДҰ ұсынғаннан (95%-дан кем емес) және республикалық көрсеткіштен (93,2%) төмен болып отыр.

Балалардағы туберкулездің алдын алудың негізгі шарасы – бала өмірінің алғашқы 1-4 күнінде қарсы көрсетілімдер болмаған кезде перзентханада жүргізілетін БЦЖ вакцинациясы. БЦЖ вакцинациясы балаларда осы аурудың алдын алу үшін қажет және өте маңызды. Ол туберкулез қоздырғышын жұқтырудан қорғамайды, бірақ жасырын инфекцияның айқын ауруға өтуіне жол бермейді, әрі туберкулездің жедел және жалпыланған түрлерінің дамуына жол бермейді.

А.Елеусізова,

Қарағанды облысының

Санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің бөлім басшысы