Бала қауіпсіздігі өз қолыңда

Бұрнағы күні №61 жалпы білім беретін мектепте балалардың қауіпсіздігіне арналған жалпымектептік ата-аналар жиналысы өтті. Жиынға Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының прокуроры И.М.Шалгумбаева, ГПП ОМПО инспекторы А.А.Дюсембеков және Қарағанды қаласы Білім бөлімінің оқу және тәрбие қызметін үйлестіру секторының әдіскері Ш.М.Абдирбаева қатысты.

– Балалар қауіпсіздігі – жай сөз емес. Бұған әрқашан ерекше назар аударылады, – деген мектеп директоры Гүлзада Серікқызы қауіпсіз мінез-құлық ережелерінің маңыздылығын еске салды.

Ал Әлихан Бөкейхан аудандық прокуратурасының прокуроры И.М.Шалгумбаева ата-ана тарапынан бақылауды күшейтуге және бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік шараларын кеңінен түсіндірді.

Полиция инспекторы болса балалардың қоғамға жат мінез-құлықтары мен олардың құқықбұзушылықтары туралы түсіндіріп, кәмелетке толмағандардың ересектердің бақылауынсыз сағат 23.00-ден кейін үйден тыс жерде болуына ата-аналардың жауапты екенін еске салды.

Білім бөлімінің әдіскері Шұға Мүсілімқызы балалардың қауіпсіздігі маңызды екенін айта келе, тәртіп ережелерін үйрету қажеттілігіне тоқталды. Кездесу соңында барлық ата-анаға «Бала қауіпсіздігі өз қолыңда!» атты буклет таратылды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ