Бала қауіпсіздігі – басты назарда

Соңғы уақытта елімізде балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр. Тек Қарағанды облысының өзінде ғана биылғы жылдың алғашқы төрт айында бірнеше бүлдіршін жол апатынан зардап шеккен. Көбінесе бұл оқиғалар жүргізушілердің салғырттығы мен жаяу жүргіншілердің жол қауіпсіздігі ережелерін сақтамауынан туындайды. Осыған байланысты өңірде «Абайлаңыз, балалар» атты алдын алу акциясы бастау алды. Акцияның мақсаты – балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналар мен жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру.

Жазғы демалыс – балалар үшін ойын мен шаттыққа толы кезең. Дегенмен бұл мезгілде қауіпсіздік мәселесі басты назарда болуы тиіс. Осыған орай, балалардың жаз айларында қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында №19 жайлы мектепте арнайы алдын алу шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара аясында 5-11 сынып оқушылары жолда жүру мәдениетін насихаттайтын флешмоб ұйымдастырып, жол ережелерімен танысты. Полиция қызметкерлері балаларға велосипедпен және электрлі самокатпен қауіпсіз жүру ережелерін көрсетіп, жол қозғалысындағы басты қағидаларға тоқталды. Сонымен қатар бағдаршам сигналдарының маңыздылығы мен жаяу жүргіншілер жолағынан өту кезінде мұқият болудың қажеттілігі айтылды.

— Жыл сайын елімізде балалардың қатысуымен көлік оқиғалары жиілеп келеді. Каникул кезеңінде жағдайды азайту мақсатында полиция департаменті, төтенше жағдай, білім басқармасымен бірлесіп акция өткізудеміз. 200-ден астам оқиға жыл басынан орын алған. Ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз, -деді ҚР Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыстық департаментінің прокуроры Сұлтанбек Әкпар.

Шара барысында Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіруші-құтқарушылары оқушыларға түрлі төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету тәртібін түсіндірді. Мысалы, кенеттен өрт шыққан жағдайда немесе басқа да қауіпті жағдай туындағанда не істеу керектігі тәжірибелік түрде көрсетілді. Құтқарушылар алғашқы қадам қандай болуы тиіс, кімге хабарласу керек, қандай жолмен қауіпсіз жерге жетуге болатыны туралы нақты нұсқаулар берді. Сонымен қатар, жоғалған адамды іздестіру жұмыстарына тартылатын арнайы үйретілген иттердің мүмкіндіктері мен жаттығу ерекшеліктері де таныстырылып, оқушылардың қызығушылығын оятты.

— Мен үшін бүгінгі акция ерекше әсер берді. Көптеген қауіпсіздік шараларын көрдік. Өрт сөндірушілердің техникалық құралдарымен таныстық. Әрдайым сақ болу үшін не істеу керек деген әрбір балаға жан-жақты түсіндірме жүргізілді. Арнайы техникаларды көрдік. Жол ережесін түсіндірді. Негізі қауіпсіздік туралы маған достарым, туыстарым, айналамдағы адамдар жиі айтады. Алайда, дәл осылай мамандар, полицейлер келіп түсіндіргені ерекше әсер етті. Балалар көп нәрсені елемей жатамыз. Жолдан өткен кездеде. Осындай акция біздің білмеген көп дүниеміздің барын көрсетті. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, -дейді №19 ЖББ мектептің оқушысы Еркеназ Амандық.

Акция барысында оқуышлар өрт сөндіру техникасын жедел әрекет кезінде қалай қолданатынында көрді. Одан бөлек, мамандар жазғы маусым шомылу кезеңінде ата-ананың ертуінсіз көл аумақтарына бармауды, рұқсат етілмеген орындарға шомылмау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, көпқабатты үйдегі терезеге шығудың да қаупі барын атап өтті.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»