Бақтияр ОМАРХАНОВ, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты: «Халықтың талабы басты орында»

Кейіпкеріміз қарағандылықтар үшін әлеуметтік желі белсендісі ретінде жақсы таныс. Әлемдік пандемия есті алып, карантинге қамалған шақта көпшіліктің мұң-зарын ашық айтып танымал болған-ды. Тұрғындар талайдан бері түйткілге айналған мәселесін Бақтияр Омарханов арқылы көтеріп, түйінін тарқатуды әдетке айналдырған-ды. Әйтсе де қазір ол – қарапайым белсенді ғана емес, қалалық мәслихаттың депутаты. Өткен сайлауда көпшіліктің қолдауымен мандат иесі атанған. Осы аралықта қандай жұмыстар атқарылды. Жалпы, Бақтияр Омарханов қандай жан?

Бақтияр Ниқанбайұлы, әңгімеміздің әлқиссасын мемлекеттік қызмет саласынан бастасақ. Сіз үшін бұл сала таңсық емес. Біраз уақыт әкімдікте жұмыс істедіңіз. Кейін кәсіпкерлікке ауысып кеттіңіз. Неге?

– Иә, мемлекеттік қызметте де, квазимемлекеттік секторда да жұмыс істедім. Кейін кәсіпкерлікке ауысуға шешім қабылдадым. Бұған басты себеп – жалақы мәселесі. Мәселен, «Қазагрода» жұмыс істеп жүрген кезімде 180 мың теңге айлық алатын едім. Кейін мемлекеттік қызметкерлердің айлығы өсетіні туралы ақпарат тарады. Осы кезеңде Абай қаласында Кәсіпкерлік бөлімін басқару жөнінде ұсыныс түсіп, соны қабылдадым. Бірақ әу бастағы жоспар орындалмады. Қаражаттың басым дені әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы жанұяларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталып, мемқызмет өкілдерінің жалақысын көтеру кейінге қалдырылды. Жасыратыны жоқ, сол кезде менің айлығым 110 мың теңге көлемінде еді. Бұл отбасылы ер азамат үшін өте аз жалақы екені түсінікті. Әрі кәсіпкерлік саласын басқарып жүргендіктен мемлекеттен бизнеске қандай қолдау барын жақсы білдім. Араласып жүрген кәсіпкер азаматтар да жеке бизнеске кетуді, сөйтіп өзіме жұмыс істеуді үнемі айтып жүретін. Сондықтан кәсіпке бет бұрып, отандық өнім шығару ісін қолға алдым.

Ал әлеуметтік желідегі белсенділігіңіз қай кезде басталды? Бұған не ықпал етті?

– Жалпы, мемлекеттік қызметте жүрген кезімде-ақ желідегі парақшамды тұрақты түрде жаңартып, маңызды ақпараттарды жариялап отыратынмын. Кейін бизнеске ауыстым. Дәл сол тұста әлемдік пандемия басталып, карантин жарияланды. Бәріміз үйге қамалып қалдық. Ал коммуналдық қызмет өкілдері болса жылуды өшірмей қойды. Осылай өзім тұратын үйдің мәселесін жазып көтере бастадым. Кейін басқа тұрғындар да шағымдарын жолдап, шешіп берулерін сұрай бастады. Аудиториям ұлғайып, белсенді болып кеттік.

Әкеңіз Ниқанбай Омарханов ұзақ жыл мемлекеттік салада қызмет атқарып, бірнеше ауданды басқарды. Осы салада жүріп зейнетке шыққан жан. Сіздің мемлекеттік қызметті тастап, кәсіпкерлікке, одан соң белсенділікке бет бұрғаныңызды қалай қабылдады?

– Ешбір әке баласына жамандық тілемейді ғой. Әкем де менің шешіміме әу баста қарсы болып, тұрақты айлық төленетін жерде қалуымды қалаған болатын. Бірақ мен өз жүрегімнің үніне құлақ түрдім. Әрі маған жұрт «әкімнің баласы» деп қарайтынын аңғаратын едім. Рас, жұмысымды адал атқарып, шашам келгенше өз күшіммен жоғары нәтиже көрсетуге ұмтылдым. Бірақ бәрібір айналамдағылардың көзінен «әкімнің баласы ғой» деген сөзді оқып тұратынмын. Сондықтан өз билігім өзімде екенін көрсеткім де келді. Шүкір, қазір жұрттың көзқарасы өзгерген. Қайта кей азамат әкемді көрсе алғыс айтып жатады екен.

Ал сіздің желідегі белсенділігіңізді бұрынғы әріптестеріңіз қалай қабылдады? Атыңызға сын айтып, ренжіген жандар болмады ма?

– Неге болмасын, болды. Өйткені мен халықтың мұң-мұқтажын айтып, әкімдіктердің жұмысындағы кемшіліктерді көрсете бастадым ғой. Өзіңіз де білесіз, мұндай ақпараттың көп болуы негатив туғызады. Біреулер «сен жеке басыңның танымалдығы үшін осылай істеп жүрсің» деген пікір айта бастады. Түрлі сөз айтылды. Әйтсе де жалпы халық дұрыс түсініп, қолдау көрсете бастады. Оның үстіне, өзім де бұрын мемлекеттік қызметте болғандықтан арыз-шағымдар жөнінде нақты қайда және кімге шығу керек екенін, шешу жолдарының қандай болатынын жақсы білемін. Бұл маған көп жеңілдік әкелді. Жобамен айтқанда, парақшамда жарияланған мәселелердің тоқсан пайыздайы уақытылы шешімін тауып отырды.

Иә, бұрын халықтың мәселесін белсенді азамат ретінде көтеріп жүрдіңіз. Қазір қалалық мәслихаттың депутаты атанып, мандат иесі болдыңыз. Не өзгерді? Белсенді болып мәселе көтерген жеңіл ме, әлде депутат ретінде көтерген оңай ма?

– Бұрынғы Бақтияр – сол Бақтияр. Ештеңе өзгерген жоқ. Депутат болғанға дейін қалай белсенді болсам, әлі күнге дейін сол қалпымнан танып көрген жоқпын. Рас, қазір менің қолымда өкілеттілік бар, кей салада ақпаратқа қол жеткізу жеңілдей түскен. Қандай да бір мәселе туындаса, қарапайым тұрғын ретінде, яғни белсенді ретінде емес, депутат есебінде сауал жолдап, жауабын таба аламын. Сонымен қатар қалада қандай жұмыстар атқарылады, бюджет қалай және қайда бөлінеді? Мұның бәрі көз алдымда өтіп жатыр. Тікелей араласуға, көпшіліктің ойын айтуға мүмкіндігіміз бар.

Мен көбіне мәселені онлайн көтеруге машықтанғанмын. Жұрт мәселесін жазып, суретімен қоса маған жолдайды. Мен пост жариялап, тиісті органдарға, жауапты мамандарға шығамын. Сөйтіп телефонда отырып-ақ талай сұрақтың шешімін табуға күш салғанмын. Бірақ арамызда желіде отырмайтын үлкен кісілер де бар. Олар қоңырау шалып, жағдайларын айта бастайды. «Жай жібере салғанша өзің келіп қара, көр» деп талап қойып жататын кездер де бар. Халықтың талап-тілегі басты орында. Кездесуге барамыз, кей мәселе жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, білгенімізді айтып, жөн сілтеп те жүрміз.

Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек. Халық қалалық мәслихат депутаттарын баяғыша партиялық тізіммен емес, тікелей өздері сайлап алды. Қалай ойлайсыз, әріптестеріңіз халықтың сенімінен шыға ала ма? Әйтпесе кейінгі жылдары депутаттарға деген сенім азайып кеткендей әсер бере бастап еді…

– Депутаттар жұмыс істеп жатыр. Бұл даусыз. Өзім арасында жүрген соң көріп отырмын, тұрғындардың талап-тілегін орындап шырылдап жүрген әріптестерім көп. Тек кей адамның желідегі белсенділігі әлсіз, аудиториясы аз болуы мүмкін. Мен соңғы төрт жылда тұрақты түрде парақша жүргізу арқылы танымал болдым ғой. Ал бұған енді ғана мойын бұрған жандар бар. Сондықтан депутаттарға істеген жұмысын көрсету үшін уақыт керек деген ойдамын.

Өзіңіз қай комиссияның құрамындасыз? Қандай мәселе көтеріп жүрсіз?

– Мен Экономика және кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиядамын. Қазір күн тәртібінде тұрған дүние – бюджет мәселесі. Қаражатты қай салаға қалай бөлу керек? Ол қандай эффект береді? Жалпы, сол салаға мол ақша бөлу керек пе? Осындай сұрақтарды көтереміз. Сондай-ақ экономиканың негізгі тірегі шағын және орта бизнес десек, онда қаламызда кәсіпкерліктің дамығаны өзімізге жақсы. Білесіз, мемлекет тарапынан бизнеске керемет көмек көрсетіледі. Бірақ оның көпшілігінен қарапайым тұрғындар хабарсыз. Осы бағытта да түсіндіру, жөн сілтеп жіберу тәрізді жұмыстарды өз мойнымызға алғанбыз.

Депутат және белсенді азамат ретінде қаладағы ең өзекті қандай мәселелерді атай алар едіңіз? Оларды шешу үшін не істеліп жатыр?

– Дәл қазір қарағандылықтар үшін жол және коммуналдық сала өте өзекті. Өйткені қала көшелерінде сапасы сын көтермейтін жол көбейген. Көп жерде жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Қазынаның қаржысы желге ұшпауы тиіс. Сондықтан ол жөндеу жұмыстарының барысын бақылауда ұстаймыз.

Екіншісі – коммуналдық желілердің жағдайы. Қаладағы кәріз жүйесі әбден тозып, апатты жағдайға жеткенін білесіздер. Қыста бірнеше мәрте Бұқпа өзеніне кәріз суы құйылды да. Мұның алдын алмасақ, соңы үлкен экологиялық апатқа әкеп соқтыруы мүмкін. Ал бәрін жаңалап шығу үшін орасан зор көлемде қаражат керек. Бюджет – сағызша созыла беретін дүние емес қой. Ақшаның бәрін коммуналдық желіге салсақ, әлеуметтік сала, мәдениет тәрізді маңызды секторлар дымсыз қалуы мүмкін. Сондықтан өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай алып шығатын жол табу керек. Бұл ретте қала әкімі Мейрам Кожуховтың жұмысына да айрықша тоқталып өткен жөн болар. Ол кісі өзі де бұрын коммуналдық салада жұмыс істеген. Яғни мәселенің мәні мен ауқымын жақсы түсінеді. Мұнысы алдағы жұмыстарды дұрыс үйлестіруге, орайын табуға оң мүмкіндік береді деген ойдамын.

Аулалардағы ойын алаңдары туралы да айтпай кетуге болмайды. Олардың да көпшілігі тозып тұр. Келешекте қаланы сеніп тапсыратын жас өрендер өсіп келе жатыр. Бұл азаматтардың алаңсыз ойнап, еркін жетілуі үшін оңтайлы жағдай жасауымыз қажет.

Бақтияр Ниқанбайұлы, арнайы уақыт бөліп, «Qaragandy habary» газетінің оқырмандары үшін сұхбат бергеніңізге рақмет. Жұмыстарыңыз сәтті болсын!

– Рақмет.

Сұхбаттасқан: Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ