Бағдарламаны халық бағамдайды

Сайлау туралы түрлі пікір бар. Бірақ, қалай болғанда да сайлау өтеді. Биыл президенттікке кандидаттардың көптігі қуантады. Бұл – жаңа адамдар, жаңа бағдарламалар. Оларды ұсынып отырған қоғамдық ұйымдар, партиялар осы маңызды кезеңді жақсы өткереді деп ойлаймын. Жалпы, көппартиялық жүйе мен түрлі кандидаттардың болуы қуантарлық жайт.


Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы жақсы жұмыс жасап жатқанын айтқым келеді. Кей кандидаттардың тіркеуден өтпегенін көрдік. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар қалыпты дүние. Олардың арасында әйел үміткерлер де бар. Басқа елдерге қарасақ, әйел адамның қорғаныс министрі, премьер-министр тіпті, президент те бола алатын мысал жетерлік. Мұнда барлығы елге, халыққа деген махаббатына байланысты. Сонымен бірге, ол адамның айналасындағы команда мен саяси сауаты маңызды. Адам білімді болса, халқына қажеттіні жасай алса, оның әйел не ер адам болуы маңызды емес. Жалпы, сайлау додасы оңай болмайтын сияқты. Қазіргі Президентіміз өз кандидатурасын ұсынды екен деп, «барлығы шешілген» деуге келмейді. Әр кандидаттың ұсынған бағдарламасын халық бағамдайды.
Бағдарламада бірінші кезекте экономика болуы керек деп ойлаймын. Экономика болғанда да, сырттан келетін инвесторлар емес, өзімізден шығатын өндіріс болуы тиіс. Қазір әлемдегі жағдайларға байланысты Қазақстан инвестиция үшін қолайлы ел деп айтылып жатыр. Десе де, өзіміздің өндіріс орындарға бірінші кезекте көңіл бөлу керек. Жеңіл өнеркәсіп немұнай өңдеу өнімдері болсын немесе пайдалы қазбалар болсын шикізат күйінде емес, өңдеп, дайын өнімдердің жобасын жүзеге асыру мүмкіндігін жасау. Шағын және орта бизнеске қолдау жоқ емес, бар. Бірақ, мен одан да көбірек қолдау көрсетуге болады деп санаймын. Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялаудан бөлек банк тарапынан несиелеу кезінде түрлі акциялар болса, мысалы, төлем мерзімін шегеру сияқты. Бұл әсіресе, жастарға жақсы болар еді. Өндіріс орындарын ашу мәселесіне тағы да назар аударғым келеді. Біз Өзбекстан немесе Қырғызстаннан зат сатып алып келіп, өзімізде сатуды, сол арқылы «сатып алу-сатуды» дамытуды доғаруымыз керек. Меніңше, бұл өте маңызды.
Қазір Ассамблея туралы көп айтылмаса да, ол өз жұмысын жалғастырып жатыр. Оның міндеті – әр ұлттың салт-дәстүрін ғана емес, ортақ тұтастықты сақтау. Елдегі, көршілес мемлекеттердегі жағдайларға қарамастан, біз өзіміздің толеранттылығымызды сақтаймыз. Біздің арамызда ұлтаралық немесе дінаралық алауыздық жоқ. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де сайлаудың ашық өтуіне мүдделі. Жалпы, адам сайлауға ішер асы, киер киімі болса, яғни, жағдайы жақсы болса, барады. Олай болмаса, адамда қызығушылық болмайды, теріс пікір айтуы да мүмкін. Сондықтан, әлеуметтік мәселелерге мән берген жөн.

Виталий ТВАРИОНАС,

«Литуаника» литва мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы