БАҒАНЫҢ ӨСУІНЕН ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ТОҚТАП ТҰР

Отбасы банкінің салымшыларына тиесілі «ПанельЦентр» шағынауданындағы №3 үй тұрғынүйдің құрылысы тоқтап тұр. 2013 жылы салына бастаған Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 26 үй де 2017 жылы пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда, бюджеттік үйлер сақалды құрылысқа айналды.

Екі жүз отбасы үй құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүр. 2020 жылы тендер қорытындысы бойынша «ҮМІТ2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3 жыл бос тұрған үйдің құрылысын жалғастырған. Бірақ, биыл негізгі құрылыс материалдары мен қызметтер құны күрт қымбаттады. Сол себепті, мердігер компания қаржы мен құрылыс материалдарының тапшылығына байланысты, құрылысты жалғастыра алмай отырмыз деген уәж айтады. Құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін 40 млн теңгенің өзі жеткіліксіз.

Салымшылар «Нысанның құрылысын жалғастыру үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында көмек көрсетілсе екен» дейді. Құрылыстың тоқтап тұрғанына бір айдан астам уақыт болған. Мердігер қажетті материалдар болмағандықтан, жұмысшыларды да таратып жіберген.

Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі мердігер компаниямен шарттық міндеттемелер әлі де өз күшінде екендігін алға тартты.

— Аталған үйдің бірінші блок-секциясын пайдалануға беру актісіне қол қойылған және әділет органдарында тіркеу рәсімі жүргізілуде. Үйдің екінші блок-секциясы бойынша құрылыс материалдарын сатып алу және құрылыс-монтаждау жұмыстарын қайта бастау мәселесі қаралуда, — дейді құрылыс бөлімі.

Құрылыс материалдарының басым бөлігі 1,5-2 есеге қымбаттаған. Мәселен, 2019 жылғы құрылыс материалдарының бағасына көз жүгіртейік: арматура тоннасына — 190-200 мың теңге; бетонның текше метрі 14 мыңнан басталған; ламинатталған фанера 11 мың теңге болған. 2020 жылы, пандемияның өршіп тұрған шағында: арматураның тоннасы 230 мың теңгеге көтерілген; бетонның текше метрі 15 мыңнан сатылған; ламинатталған фанера 12 мың теңгеге өскен. 2021 жылы арматура тоннасы 420 мың теңге; бетонның текше метрі 17 мың; ламинатталған фанера 25 мың теңгеге дейін қымбаттаған.

«Бағаның өсуі тек біздің елімізде ғана байқалмайды» дейді «Аспап» құрылыс-жобалау компаниясының төрағасы Төлеген Әшімов.

— Жақында «Нұр Отан» партиялық бақылау комиссиясында құрылыс саласындағы қымбаттау мәселесі талқыланды. Материалдармен қоса, қызметкерлердің еңбекақысы мен қажетті техникалардың да бағасы аспандап тұр. Бұл мәселе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында, үкіметтік деңгейде бірнеше рет талқыланды. Біз, қарағандылық құрылысшылар бірнеше рет нақты нарықтық құн бойынша есептесуге көшуді ұсындық. Өкінішке қарай, естіп құлақ болмаған соң, еш нәтиже жоқ, — деді Т. Әшімов.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, QH.