БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ БАҚЫЛАУДА
Бағаны негізсіз өсіргендер жазаланады. Сондықтан тараптар қалың жұрт көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты түрде бақылауда ұстайды.
Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік – күнделікті ең қажет деген өнімдер. Заңда осындай 19 түрлі өнім бекітілген. Атап айтқанда: ұн, нан, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы және сарымай, қой мен тауық еттері, сүт, айран, сүзбе, картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ, тұз өнімдері.
– «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 9-бабына сәйкес, ішкі сауда субъектісі сатқан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына қосатын үстемесі 15%-дан аспауы керек. Азық-түлік құнын көрсетілген межеден асырған саудагерлерді анықтап, жиналған материалдарды Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жібереміз. Олар заң бұзған саудагерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартады. Жыл басынан бері 30-дан астам кәсіпкер жауапқа тартылды, – деп айтты Қарағанды облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Талдау әзірлемелері бөлімінің басшысы Владислав Ли.
«Еститін мемлекет» тұжырымдамасына орай ведомствоның қызметі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Алайда ол азық-түліктер бағасын негізсіз көтеру фактісі мұқият тексерілетінін тілге тиек етті.
– Бүгінде жұмысымыз ұсақ-түйек емес, үлкен көлемдегі бұзушылықтарды анықтауға бағытталған. Мәселен, мектеп, арнайы мекемелерді азық-түлікпен қамтамасыз ету саласындағы заңбұзушылықтарды анықтаймыз. Заңда сауда үстемесінің мөлшері 15%-дан аспасын делінсе де, үстемені 100% қосқандар бар. Фактілер биыл расталды, – дейді спикер.
Заңбұзушылықтарға жол бермеу үшін әкімшілік заңды күшейтетін уақыт жеткенін айтып отыр департаменттің Талдау әзірлемелері бөлімінің аға жедел уәкілі Қонысбек Ахметов.
– Себебі, Әкімшілік кодекстің 204-бабына сәйкес, бірінші рет орын алған заңбұзушылық үшін саудагерлерге айыппұлдың орнына ескерту беріледі. Өткен жылы қолданылған әкімшілік шаралардың 70%-ы ескерту берумен шектелген.
Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұруға ден қойған. Әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептер, қабылдау пункттері және басқалары бар. Мамандардың айтуынша, Қарағанды облысында 2011 жылдан бері тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Қазір оның қорында 800 тоннаға жуық өнім бар. Қарағанды облысында нұсқаулықты тексеретін ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Оған облыс әкімінің орынбасары жетекшілік етеді.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»