Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек

Биыл елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауды 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Қазіргі таңда кандидаттар ұсыну басталды. Бұл науқан 11 қазан кешкі сағат 18:00-ге дейін созылмақ. Сонымен, биылғы сайлаудың ерекшелігі қандай? Үміткерлерге қойылар талап не? Тоқталып өтсек.

Ел заңнамасы бойынша, кандидаттарды республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Ал Орталық сайлау комиссиясы олардың Конституция мен сайлау заңнамасы талаптарына сәйкестігін тексеріп, үміткерлер өтінімін қабылдау не кері қайтару туралы шешім шығарады.

Заң бойынша, президент сайлауына қатысу үшін үміткер Қазақстан аумағында туған, соңғы 15 жылда ел аумағында тұрған, жоғары білімді, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген және кемінде 5 жыл мемлекеттік немесе сайланбалы қызметте жұмыс тәжірибесі бар тұлға болуы тиіс. Сонымен қатар үміткерлер сайлауға қатысу үшін жарна төлеуге міндетті. Оның биылғы сомасы 3 млн теңге.

– Бүгінде сайлау жарнасының мөлшері 3 миллион теңгені құрайды. Бұл – ең төменгі 50 жалақы. Егер кандидат лауазымға сайланса немесе дауыс берушілердің кемінде 5% даусын жинаса, сайлау жарнасы қайтарылады, – деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Бұдан бөлек президенттікке кандидат тұлғаларды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кем дегенде 2/3 атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылар санының кем дегенде 1%-ның қолын жинаумен куәландырылуы тиіс.

2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстан сайлаушыларының тізіміне 11 827 277 азамат енген. Осыған орай әрбір кандидат 118 273 сайлаушының қолын жинауы қажет.

Биылғы сайлаудың басты артықшылығы – сайлау бюллетеніне «бәріне қарсы» деген пункт қосылады. Президенттікке ұсынылған кандидаттарға сайлаушылардың көңілі толмаса, олар дәл осы тармақты таңдау арқылы қарсылығын білдіре алады.

Тағы бір айта кетерлігі – бұл жолы президент 7 жыл мерзімге 1 мәрте сайланады. Яғни қайта сайлануға тыйым салынады. Конституцияға тиісті түзетулер таяуда ғана енгізілді.

 Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»