Бүгінгі аңшылық бұрынғының жалғасы ма?

Бала үшін әке – қашан да арқа сүйер асқар тау, ақыл кеніші ғой. Менің әкем – ауыл деген қазыналы қарттың етегінен екі елі ажырамай, көкірегін шежіреге толтырып, туған жерінің өркендеуі үшін еңбек етіп жүрген жан. Иә, әкем Дулат Омаров – Қарқаралы ауданына қарасты Аппаз ауылының тумасы. Ел ішінде өткен көнекөз қарттардың әңгімесін жадында ұстап, бүгінде өзі де бұрынғының сарқыты, ескі сөздің сақтаушысы болып жүр.

Бірде табиғаттың тылсым сырына үңілгім келіп:

– Әке «туған жер» ұғымына сіздің көзбен қарайықшы, – деп әңгімеге тартқан едім. Сонда әкем:

– Балам, туған жердің суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып өмір сүріп келеміз. Барлығымыз осы алтын бесік туған жер – Жер-анамыздың құрсағында жаралғанбыз. «Ана» деген құдіретті ұғымды ұғынудың өзі бақыт емес пе! Туған жер – біздің Жер-анамыз! – деп жауап берді.

Әрі қарай сөйлете түспек болып:

– Әке, сіздің туған жерге деген махаббатыңызды ақындық пен саятшылыққа құмарлығыңыздан-ақ аңғаруға болатындай. Осы аңшылыққа сіздің ақын көзіңізбен бір саяхат жасасақ, – деп едім, ол кісі кідірместен:

– Аңшылық кір көңілді тазартады,

Жаныңды ақша қардай ағартады.

Қар жауса, қансонарды сағынғаннан

Аңшының алаңдаумен атар таңы.

«Ақ жол!» деп аттандырса ғазиз жарың,

Түсініп түйсігімен аңшы жанын.

«Алла!» деп атқа қонсаң, арсалаңдар

Алдыңнан қарғыбаулы алғыр тазың, – деп әуелете жөнелді де:

Болмайды мұнан қызық жалғанда асқан,

Жырлай берсең таусылмас бұл – бір дастан.

Арылып тіршіліктің боқ-соғынан,

Жан дүниең бірер сәт рақаттанған.

Тұмса табиғаттың қойнауынан

Мен бір жан уаз кешіп ләззат алған, – деп барып ойын түйіндеді.

Қазір ғой жұрт аңшылықпен түз тағысын қисапсыз қыруды дәреже көріп адасып жүр. Әйтсе де қазақы дәстүрге сай кешегі саятшылық өнер және заманауи үлгіде қару асынып, жол талғамайтын жүрдек көлікке отырған бүгінгі аңшылардың айырмасы жер мен көктей емес пе? Бұл ойымды әкем де қостап, табиғатты аялау мәселесіне қатысты пікірімен бөлісті.

– Балам, бұрынғы аңшылар аңды аулай да білген, қорғай да білген. Олар табиғатпен үйлесе отыра аңшылық еткен. Ертеректе «аңшы» деген атақты халық беретін. Қазіргі алабажақ киініп, үйдей-үйдей машина мініп, мылтықпен аң аулап жүргендерді мен аңшы деп айта алмаймын. Жалпы, «аңшы» деген ұғым – «жылқышы», «орманшы», «бағбан» деген ұғымдармен аталас ұғым түсіне білген, көре білген адамға. Табиғи жолмен ауламайтын аңшылық – нағыз ашкөздік әрі табиғат заңын бұзу. Табиғи тепе-теңдік сақталмаса, аң-құстардың азайып кететіні айдан анық. Аң-құстың азаюы – табиғаттың жойылуына алып келетін бірден-бір себеп, – деп қазіргі «аңшы» атанып жүрген жандарға көңілі толмайтынын жеткізді. Онан арғы ойын өлеңмен өрбіткен әкем:

– Естимісің даламнан азап үнін,

Азайған аң мен құстың азалы үнін,

Күңіренген көрдегі бабалардың

Жанды жеген өкпелі назалы үнін?

 

Естимісің даламнан азап үнін?

Құрсаудағы құрысын көрген күнім.

Ұрпағың ұлықтайтын ертеңгі күн,

Көрсетші, қане қайсы еккен гүлің?

 

Құдай-ау, адамдарда жүрек жоқ па?

Түскендей шырқырайды жаным шоққа.

Ертеңін ойламайтын ессіздерге

Ұрпақтың қамын ойлау керек жоқ па?

 

Бұ жұртым жал-құйрықсыз тұлдай ма екен,

Ұлтын сүйер ұлдардан жұрдай ма екен?

Кешегі аң киесі арсыздарды

Қақшитып қақ маңдайдан ұрмай ма екен!

 

Құлқынның құлынан тек құл туады,

Құр жемсауын күйттеген ұл туады.

Өзім деп өзеуреген сенен, менен

Күні ертең, айтыңдаршы, кім туады? – деп түйіндеді.

Аружан СЕРІКБАЙҚЫЗЫ,

ҚарУ 1-курс студенті