БҰҚАРДЫҢ БЕЙНЕСІН БҰРМАЛАҒАН КІМ?

Біз Абылайдың ақылшысы деп танып жүрген бейне мүлдем басқа тұлғаның суреті. Бұқар жырау бабамыздың мерейтойында жарық көрген, өмірі мен шығармашылығын насихаттаған кітаптардың бетіне, жарнамалық баннер, логотиптерге Қажыбай Мәндібайұлының суреті салынып кеткен. XVIII ғасырда өмір сүрген белгілі жырау мен ХХ ғасырда атағы аспандап, даңқы шыға қоймаған қажы екі бөлек адам.

Қарағандылық жазушы Серік Сағынтай 2020 жылдың 9 қазанында «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған мақаласында қажының суреті кәдімгі кеңестік фотоаппаратпен түсіріліп, 1970 жылдары газет бетінде жарық көргенін баяндайды.

«Облыстық, бәлкім аудандық газет мұрағатында сақталып қалған суреттің түпнұсқасы 1990 жылдары әлдебір суретшінің қолына түскен. Ақсақалды қарияның бейнесі Бұқар бабамыздың бет-бейнесін пішіндеп, жұртқа ұсынар үлгі ретінде таңдалған. Қарияның суреті ретуштеліп, дизайнермершеп сақал-мұртын «тәрбиелеп» бастырып, жүзіне жүгірген әжімін жасыра өңдеп, өзін қартайтып, пұшпақ бөркін құндыз бөрікке айналдыра жасартып, логотип-эмблемаға айналдырған. Бұқар жырау бабамыз деп жүргеніміз, кәдімгі Қажыбай Мәндібайұлы! Ол фотоның түпнұсқасы да қажының қызы, белгілі дәрігер ғалым Малина Қажыбайқызының үйінде сақтаулы, ал газет тігіндісін мұрағаттан, газет редакцияларынан табу қиын емес», — деп баяндайды жазушы.

Ал, көпшілік «Бұқартанушы» деп танитын Қалиасқар Шыныбектегі жырауды тек Қажыбай Мәндібайұлымен ғана емес, Шортанбай Қанайұлымен де шатастырып, оқулықтарда екі тұлғаның бейнесі ауысып жарияланып жүргенін айтты.

— Ғаламторға «Бұқар Жырау» деп терсеңіз, сақалды қарияның сан түрлі суреті шығады. Хандар мен би-шешендердің бейнелері заңды түрде бекіген. Ал, жыраулардың суреті, тіпті кейбір туындылары туралы әлі күнге дейін нақты ақпарат жоқ. Бұл мәселе жөнінде басшылыққа бірнеше рет хат жаздым. Өкінішке орай, ескерусіз қалды. 2018 жылы жыраудың 350 жылдық мерейтойы қарсаңында абыздың ұрпақтарын зерттеуші, сол кездегі астаналық, марқұм Қаби Қосановтан Бұқар Жыраудың суретін алдым. Портреттің авторы алматылық Елеукен Базарбекұлы. Айтуынша, картина республикалық конкурста 82 суреттің арасынан жеңіп шығып, басшылық жыраудың бейнесі деп бекіткен. 350 жылдық мерейтойдағы логотип те осы суретке негізделіп жасалынды, — дейді Калиасқар Шыныбектегі.

Аталмыш логотиптің авторы Бұқар-Жырау ауданының тумасы, суретші Амантай Ақышев екі нұсқасын ұсынған. Бірі – 325 жылдық мерейтойда қалыптасқан Қажыбай Мәндібайұлының суретіне негізделген, екіншісі – жыраудың 11-12 ұрпағы Еркебұлан Молдабековтің бейнесіне ұқсастырып салынған логотип. Бұл жөнінде суретші:

— 1993 жылы Бұқар бабамыздың 325 жылдық мерейтойында суретшілер хан кеңесшісінің ұрпағын тауып, суретін салуға үлгермегендіктен, Қажыбай Мәндібайұлының фотосын өңдеп, абыздың бейнесіне айналдырған. Ал, 2018 жылы жыраудың ұрпағы деп танылған Еркебұлан Молдабековке ұқсатып салынған Елеукен Базарбекұлының портретіне негіздеп, қарындашпен логотиптің жобасын салдым. Компьютермен электронды нұсқасын Еркебұланның өзі жасады. Бірақ қазіргі таңда да сол, 1993 жылғы «қателік» газет-журналдар мен кітаптар бетінен түсер емес, — деп қынжыла айтты.

Абылай ханмен қатар өз заманында жеті бірдей ханға жол нұсқаған Бұқар бабамыздың бейнесін бұрмалағандарды тауып, жазалағаны емес, жыраумен қоса, Қажекең мен Шортанбайдың да өз бейнелері өздеріне қайтарылғандығы маңызды.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QN»