«Қазыналы Қарағанды» фильмі көрерменге жол тартты
Қарағандының бай тарихы таспаланған «Қазыналы Қарағанды» фильмі көрерменге жол тартты. Кеншілер қаласының өткенін, бүгінін, мәдениеті мен экономикалық даму кезеңдерін арқау еткен бұл туынды Қарағандының 90 жылдығына орай қала әкімдігімен бірлесе түсірілген ерекше жоба.
Фильмде Қарағандының қалыптасу кезеңдері, өндірістік дамуы мен тарихы баяндалып, әйгілі тұлғалардың қалдырған ізі, маңызды тарихи оқиғалар кеңінен қамтылған. Көрермендер тек деректерге қанығып қана қоймай, Қарағандының қазіргі келбетін де тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
– Қарағанды тарихы туралы бұған дейін де көптеген фильм түсірілді. Біз сол үрдісті жалғастырып отырмыз. Фильмнің 80 пайызы – деректі хроника, ал 20 пайызы – қойылым. Көркемдік тәсіл ретінде Сәкен театрының актерлері қаламыздың дамуына үлес қосқан тарихи тұлғалардың бейнесін сомдады, – дейді, сценарий авторы Әшімхан Жәмпейісов.
«Қазыналы Қарағанды» фильмі қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдырды. Көрермендер кеншілер қаласының тарихына терең бойлап, оның даму жолдары туралы тың ақпараттар алды.
– Фильм өте әсерлі болды. Қарағанды қаласы жайлы көптеген тың мәлімет алдым. Қаламыздың көрнекті орындары, тарихи ғимараттары мен олардың салыну кезеңдері туралы деректер ерекше қызықтырды. Мұндай фильмдердің көбірек түсірілгенін қалаймын, – дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің 3 курс студенті Ақнұр Марат.
– Өзім осы қаланың тумасы болғандықтан, оның тарихы жайлы көп мағлұмат білемін. Дегенмен, бұл фильмнен бұрын-соңды естімеген деректерді де алдық. Қала құрылысының алғашқы кезеңдері, алғашқы зауыттар мен фабрикалар туралы мәліметтер өте құнды. Сондай-ақ, академик Е.А.Бөкетовтің өмір жолына тереңірек үңілуге мүмкіндік болды, – деп атап өтті қала тұрғыны Әділ Хамзин.
Тұсаукесер «Сарыжайлау» кинотеатрында өтті. Көрермендер залында ине шаншар орын болмады. Фильмнің алғашқы көрсетілімін тамашалауға қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері мен жастар жиналды.
– Қала тарихын жасаған ең үлкен құндылық – адамдар. Бұл фильмде Қарағандының дамуына үлес қосқан тұлғалар жайлы кеңінен баяндалады. Бүгінгі көрсетілімге олардың көзін көрген азаматтардың келуі біз үшін үлкен мәртебе, – деп атап өтті Saryarqa телеарнасы директорының орынбасары Жәнібек Садықанов.
Салтанатты кеш барысында қала әкімінің орынбасары Қайрат Камзин фильмнің авторлары мен түсірілім тобына алғысхат табыстап, еңбектеріне жоғары баға берді. Тарихи деректер мен көркемдік элементтер үйлескен бұл туынды Қарағандының өткенін болашақ ұрпаққа насихаттайтын құнды еңбек болары сөзсіз. Кеншілер қаласының терең тарихына қызығатын әрбір жанға фильмді тамашалауға кеңес береміз.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,
«QH»