Азаттықтың бастауы – Алаш идеясы

Биыл ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Қазақ елінің азаттығы жолында арпалысқан Алаш автономиясының құрылғанына 105 жыл толмақ. Өскелең ұрпақ бойында туған жер мен елге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру үшін, өткен тарихты оқытудың маңызы зор. Осыған орай қаламыздағы Григорий Потанин атындағы №63 орта мектепте «Алаш идеясы және тәуелсіз Қазақстан: тарих сабағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

– Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның іргесін Алаш арыстары қалаған. Біз арыстарымыздың еңбегі мен ерлігін ұмытпауымыз керек. Биыл – айтулы жыл. Осыған орай қалалық әкімдіктің бастамасымен Қарағандыда «Алаш айы» жобасы қолға алынды. Сол жобаның аясында мектебімізде дөңгелек үстел өткізіп жатырмыз. Бұл шара оқушылар үшін қызықты әрі пайдалы болады деген ойдамын, – дейді мектеп директоры Роза Құлмұханова.

Жиынға мектеп ұстаздары мен оқушылар және аймақтағы іргелі жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты. Алғашқы болып сөз алған «Bolashaq» академиясы» ЖММ оқытушысы Еламан Қасенов патшалық Ресей дәуіріндегі Қазақстан тарихынан сыр шертті.

– Еуропа елдерінде демократиялық құндылықтар салтанат құрып, дамыған елдер самодержавие идеясынан бас тарта бастады. Өзін еуропалық ел санайтын Ресей империясы да бұл өзгерістерден қалыс қала алмады. Сөйтіп, Мемлекеттік дума шақырды. Бұған қазақ халқының өкілдері де депутат болып сайланған еді. Қазақ оқығандарының азаттық жолындағы қозғалысы осы кезеңде басталды. Кейін Әлихан, Ахметтер «Қазақ» газетін ұйымдастырып, «Алаш» партиясын құрды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргетасы сол кезеңде қаланды, – деген Еламан Балтаұлы ұлт-азаттық қозғалыс кезеңіндегі қазақ зиялыларының еңбектеріне тоқталып өтті.

Жиында оқушылар да айрықша белсенділігімен көзге түскенін атап өткен жөн. Олар спикерлерге Алаш туралы өздерін қызықтырған сауалдарын жолдады. Сондай-ақ осы тақырып аясында жүргізген зерттеулері мен әзірлеген жобаларын таныстырды.