ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕН ПИРАМИДА ТАБЫЛДЫ

Шет ауданындағы Талды археологиялық кешенінде қола, ерте темір дәуірлеріне жататын қорымдар зерттелуде. Мұндағы табылған жәдігерлерді бағамдай келе ғалымдар осы төңіректегі Қызылжартас қорымында сақтар заманының патшасы жерленген, — деген болжам жасап отыр. Талды археологиялық кешенін келешекте аспан астындағы мұражайға айналдыру жоспарда бар. Мұндағы ерекше жерлердің бірі ерте темір дәуіріне жататын қос сақ қорымы. Бұл қорымдардың ғылымға берер жаңалығы мол дейді ғалымдар.

Қызылжартаста 2500 жыл бұрын салынған қорымдардың алғашқысы былтыр зерттелген. Бұл жерден 4 бірдей тас мүсіннің табылуы балбал тастардың түркі заманында емес, одан әрі сақтар кезінде болғанын айдай әлемге паш етті. Одан бөлек түрлі алтын әшекейлер, темір балта, ернеуі алтын жалатылған темір ыдыс сынықтары, құрбандыққа шалынған мал сүйектері табылған. Ал биыл оның маңындағы екінші қорым аршылуда. Жақында ғана бұл жерден де алтын әшекейлер табылды. Қос қорымнан да жерленген адам қаңқалары табылды.

«Ормен қоршау, сосын тас қоршау салу, оның сыртына дөңгелектенген диаметрі 3-3,5 метр арнайы шеңберлер жасаған. Ол арнайы мал шалған құрбандық орындары. Сол алтынмен апталған, күміспен қапталған сақ бабаларымыздың бір патшасы жерленген осы Қызылжартаста» -дейді – БеғазыТасмола» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Арман Бейсенов.

Ал Сеңкібай қорымында б.д.д. 2 мыңыншы жылдың 1-жартысы, яғни қола дәуірінің 200-ден астам қорымы жатыр. Гранит таспен салынған жерлеу орындарынан адам қаңқалары, қоладан жасалған қару-жарақ, шаруашылық заттары, қыш ыдыстар табылған. «Сарыарқа» археологиялық институтының жетекші ғылыми қызметкері Игорь Кукушкин «Бұл қорымдарда жалпақ гранит тастарды өте тиімді пайдаланған. Сол кездегі адамдар бұл материалды алатын жерді білген және ол тастарды төртбұрышты, тегіс етіп өңдей алған. Сондай-ақ салмағы тым ауыр тастарды тасымалдаудың технологиясын да ойлап тапқан. Осы Талдысай аумағында табылған жылқы сүйектері, дөңгелекті арбалар соның дәлелі» -деді.

Бұл төңіректің кешенді зерттелуіне 2015 жылы осы аумақтан Қаражартас қорымы мен атақты «Сарыарқа пирамидасының» табылуы себеп болды. 2018 жылы Талды археологиялық кешенін ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру үшін үш жылдық жоспар қабылданған. Қазір бұл жұмыстар да аяқталуға жақын. Облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов «20 шақты археологиялық нысандарда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді, 15 нысанды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижелері жаман емес. Әлемдік дәрежедегі жаңа жәдігерлер табылып жатыр. Пирамида бүкіл әлемге белгілі болып жатыр. Аспан астындағы мұражайдың құжаттарын дайындап, соны тіркеуден өткізіп, биыл ашамыз деген жоспарымыз бар» — деп пікірін білдірді.

Талды аумағында орта ғасыр ескерткіштері де өте көп. Төрт мың жылдық тарихтан сыр шерткен шежіре даланы археологиялық паркке айналдырса, өскелең ұрпақ үшін берер тағылымы зор болмақ.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.