Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар ұлғайтылды

Қазақстанда 10 наурыздан бастап жол қозғалысы ережелерін бұзу және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жаңа айыппұлдар күшіне енді. Бұл өзгерістер қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін күшейту мақсатында енгізілді.

Бұрын төтенше қызметтерге жалған шақырту жасағандарға 30 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салынса, енді бұл көрсеткіш 60 АЕК-ке дейін өсті. Егер бұл құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл 120 АЕК-ке дейін жетеді немесе 40 сағат қоғамдық жұмысқа тарту қарастырылған.

Егер жалған шақыртуды кәмелетке толмаған бала жасаса, оның ата-анасына 30 АЕК айыппұл салынады. Бұрын бұл сома 15 АЕК болатын.

Енді «Жедел жәрдем», өрт сөндіру қызметі немесе полиция көліктеріне жол бермегендер үшін айыппұл 7 АЕК-тен 20 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Егер бұл құқық бұзушылық қайта жасалса, айыппұл мөлшері 15 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін өседі немесе 20 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қолданылады.

Малды айдап өту немесе арба, шанамен теміржол жолдарын кесіп өту ережесін бұзғандар үшін ескерту болмайды, бірден 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, теміржол өткелдерінен дұрыс өтпеу айыппұлы 10 АЕК-тен 20 АЕК-ке дейін артты.

Қозғалыс кезінде көлік ішінен басын шығару енді заң бұзушылық болып саналады. Бұл әрекет үшін жүргізуші немесе жолаушы 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Кері қозғалыс жолағына шығу және теміржол өткелдерін дұрыс өтпеу бұзушылықтары 10 наурыздан бастап жеке баптар ретінде қарастырылады. Бұл құқық бұзушылықтар үшін 9 айға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған. Алайда, егер жол-көлік оқиғасында ешкім зардап шекпесе, жүргізуші куәлігіне тыйым салынбайды.

Жыл ішінде қайталанған жол-көлік оқиғалары үшін 40 АЕК көлемінде айыппұл немесе 9 айға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Полиция қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне кедергі келтіргендер, соның ішінде орынсыз сөздер айтып, арандату жасағандар 30 АЕК айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алынуы мүмкін.

Бұл жаңа өзгерістер жол қозғалысы тәртібін күшейтуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Барлық жүргізуші мен жаяу жүргіншілер жол ережелерін қатаң сақтап, заң бұзушылықтардан аулақ болғаны жөн.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»

Фото ашық дереккөзден