Қазақстандағы қызмет көлемімен ең ірі әскери құрама жас сарбазбен толықты…

21 қаңтар күні Қарағанды қаласындағы Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімі мен 5451 әскери бөлімінің саптық алаңында Жамбыл, Алматы, Ақмола, Түркістан, СҚО, Қостанай облыстарынан шақырылған 700-ден астам жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсіміне келтірілді. Сарбаздарға сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдіру үшін Қарағанды қаласының әкімшілігі, Ұлттық ұлан “Орталық” өңірлік қолбасшылығының басшылығы, бөлімнің ардагерлер құрамы мен сарбаздардың ата-аналары қатысты.

— Ел алдында ант қабылдау нағыз ерлердің ісі, қабылдаған күннен бастап әрбір саптағы әскери қызметші Республикамыздың алдында әскери қызметшісі атанып, елін қорғау жолында қызметке түседі. Анттарыңа адал болыңдар сарбаздар, деп құттықтау сөзінде 6505 әскери құрамының командирі полковник Бауыржан Барышев атап өтті.

Дәл осындай салтанат, барлық өткізу ережелерін сақтай келе Қарағандыдағы жедел мақсаттағы 5451 әскери бөлімінің саптық алаңында бөлім командирі подполковник Нұрболат Амандықовтың басқаруымен өткізілді.

Айта кетерлік, аталмыш 6505 әскери бөлімі 66 жыл көлемінде Қарағанды, Ұлытау облысы, Атбасар қалаларында сотталғандарды айдауылдау, түзеу мекемесіне отырғызылғандарды күзету, сот отырысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметтерін абыроймен атқарып келсе, 5451 әскери бөлімі қаламыздың ішкі тәртібін қорғау жолында аянбай тер төгіп келеді.

ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.