Қазақстанда орташа өнімділігі 13,5 ц/га болатын 21,6 млн тонна астық бастырылды

Қазақстанда жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 6,9%-ға ұлғайып, 6,8 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы мәлімдеді. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бұл өсім өсімдік шаруашылығы өнімі өндірісінің 11%-ға және мал шаруашылығы өнімінің 1,1%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген.


Сонымен қатар, министр егін жинау науқанының соңғы кезеңдері туралы есеп берді. Бүгінде Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында астық жиналды. Соңғы мәліметтер бойынша орташа өнімділігі 13,5 ц/га болатын 21,6 млн тонна астық бастырылды.
Мал шаруашылығында ет өндірісінің 0,7%-ға (1 464,5 мың тонна), сүт өндірісінің 1,8% — ға (5 087,7 мың тонна), жұмыртқа өндірісінің 5,3%-ға (3 824,4 млн дана) өскені байқалды.
Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсу қарқыны бойынша Қостанай облысы – 119,9%, Ақмола облысы – 116,5%, Маңғыстау облысы – 114,8% және Солтүстік Қазақстан облысы -112,2%- бен көш бастап тұр.
Бұдан бөлек, азық-түлік өндірісінің көлемі 3,7%-ға, ақшалай баламада 2,1 трлн теңгеге дейін өсті.
«Бұл ретте қант өндірісінің 49,8%-ға — 179,4 мыңнан 268,7 мың тоннаға дейін, жарманың 40%-ға, өсімдік майының 39,9% -ға өсуі байқалады», — деп атап өтті министр.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестицияларға келетін болсақ, олар 598,9 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,5%-ға артық. Азық-түлік өндірісіне инвестициялар 27,6% -ға ұлғайып, 88,8 млрд теңгені құрады.
Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр, деп қорытындылады Ербол Қарашөкеев.