Қазақстанда «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде ауылдық аймақтың мемлекеттік қызметшілерін әлеуметтік қолдау тетіктері қайта қаралады

Жұмыс сапары барысында Ә.Қуантыров инвестиция тарту, сондай-ақ бизнес пен инвесторларға сервистік қызмет көрсету жөніндегі өңірлік фронт-офис ретінде жұмыс істейтін Павлодардағы Инвесторлар үйінде болды.


Осында ҰЭМ басшысы азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындар өз мәселелерін шешуге көмек сұрады. Олар «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде ауылдық аймақтың мемлекеттік қызметшілерін әлеуметтік қолдау шараларының тізбесін кеңейту, сондай-ақ осы бағдарлама бойынша бюджеттік кредит мөлшерін ұлғайту туралы ұсыныстармен жүгінді.
Ә.Қуантыров атап өткендей, қазіргі уақытта аудан орталықтары үшін бюджеттік кредиттің мөлшерін 2 500 АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) дейін және қалған ауылдық елдімекендер үшін 2 000 АЕК-ке дейін, сондай-ақ көтерме жәрдемақының мөлшерін шалғайдағы және шекара маңындағы ауылдардағы мамандар үшін 200 АЕК-ке дейін саралау арқылы тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік кредиттің мөлшерін ұлғайту мәселелері пысықталып жатқанын хабарлады.
«Жақын арада осы мәселе бойынша тиісті шешім қабылданады», — деді министр.
Ағымдағы жылы Павлодар облысында 261 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит беруге 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Ауылдық әкімдік қызметкерлерінің коммуналдық төлемдерін өтеу және мемлекеттік қызметкерлерге 25 пайыз үстемақы төлеуге қатысты, министр бұл мәселені басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп мұқият зерделеуге уәде берді.
Сондай-ақ, ведомство басшысы Ақпараттық технологиялар колледжінің базасында құрылған «Өзекті кәсіптер орталығына» барды (IT-hub). Оқу орнында өзінің өндірістік цехы, 3D үлгілеу кабинеттері, виртуалды шындық зертханасы бар.
Орталық кәсіптік бағдарлау, оқыту, бизнесті дамыту, стартап-жобалар мәселелері бойынша кеңес береді және колледж түлектерін жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Бүгінде мұнда 200-ге жуық студент жұмыс істейді.
Сонымен қатар, ол Павлодар облысы бойынша ТМРКД жұмысымен танысып, негізгі бағыттарды талқылады. Ә.Қуантыров тариф белгілеу мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды және халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырды.
Ә.Қуантыров «Даму» өңірлік филиалында да болып, Қордың жұмысымен танысты.