Қазақстанда бала өлімі 2,4 есеге қысқарды — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Алматыда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының 90 жылдығына арналған «Қазақстан педиатриясы: кеше, бүгін және ертең» атты Қазақстанның педиатрлары мен балалар хирургтарының халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.


Конференцияның негізгі мақсаты Қазақстандағы балалардың денсаулығын сақтау және нығайту, балаларға сапалы медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, балаларды емдеудің өзекті мәселелерін талқылау, елдегі балаларға медициналық қызмет көрсетуді жақсарту болып табылады.
«Денсаулық сақтау министрлігі жаңа туған балаларға медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша бірқатар стратегиялық іс-шараларды іске асыруда. Балалар жылында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жалғасуда, балаларды дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша балалар қызметінің медициналық ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша шаралар қабылдануда», -деді конференцияға қатысушылар алдында денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.
Ол өткізілетін іс-шаралар нәтижесінде республикада балалар өлімі 2,4 есеге төмендегенін атап өтті.
Тұқым қуалайтын аурулар мен туа біткен даму ақауларын ерте анықтау мақсатында елде жүкті әйелдер мен балаларға скринингтік зерттеулер жүргізіледі. Жыл сайын 400,0 мыңнан астам жүкті және 1,6 миллионнан астам бала скринингпен қамтылды. 18 құрсақтағы нәрестені қорғау орталығы құрылып, 1,5 мыңнан астам балану дамыту кабинеті ашылды.
Қазақстанда туа біткен аномалияларды хирургиялық түзетудің инновациялық аз инвазивті әдістері сәтті қолданылып келеді. Жыл сайын туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелерге 1,5 мыңнан астам хирургиялық араласу жүргізіледі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жедел емдеу тиімділігі 85,0% — дан асады.
Балалар кардиохирургиясы мен интервенциялық кардиологиясы табысты дамып келеді. Жыл сайын Қазақстан Республикасында туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға 3 және 4 күрделілік деңгейі бар 2500-ден астам хирургиялық араласулар жасалады, деп атап өтті Денсаулық сақтау вице-министрі.
Министрлік балаларға онкологиялық және гематологиялық көмекті дамытуға көп көңіл бөледі. Полихимиотерапияның, гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялаудың, интравитреальді химиотерапияның, ағзаны сақтайтын хирургиялық араласудың заманауи бағдарламаларын енгізу Қазақстанда қатерлі ісіктері бар балалардың жалпы өмір сүру деңгейін 74,6% — ға дейін арттыруға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
В. Дудниктің айтуынша, МӘМС қаржыландыру есебінен балаларға оңалту көмегінің қолжетімділігі едәуір жақсарды, өткен жылы 53 мыңнан астам бала оңалтудан өткен болса, биылдың өзінде 62 мыңнан астам бала оңалту емінен өтті.
Балалар денсаулығын қаржыландыруға келетін болсақ, 2022 жылы бірнеше бағыт бойынша қаржыландыру ұлғайтылды, атап айтқанда профилактикалық тексерулер жүргізуге арналған бюджет 54% — ға — 10,9 млрд.теңгеден 16,8 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды.
Мектеп медицинасын қаржыландырудың жалпы көлемі 24% — ға — 22,2 млрд.теңгеден 27,5 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды, биылғы жылы балаларды оңалтуға 15,2 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталды.
Сөз соңында Вячеслав Дудник 90 жыл бойы елімізде педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі негізгі үйлестіруші болып табылатын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының балалар денсаулығын қорғау ісіне ерекше үлес қосқанын атап өтті.
Форумға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі В.Дудник, С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры М. Шоранов, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы А. Құсайынов, Д. Рогачева атындағы Ұлттық медициналық-зерттеу орталығының директоры Г. Новичков, Беларусь Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, онкогематолог О.Алейников, Қазақстанның барлық облыстарынан келген педиатрлар және Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Ұлыбритания, Германия, Украина, Чехиядан келген делегаттар, жетекші мамандар мен ғылыми институттардың басшылары, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындарының профессорлары қатысады