Қазақстанда 8 айда экологиялық заңнаманы 1787 бұзушылық анықталып, 885 нұсқама берілді

Экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар туралы Экология вице-министрі Зульфия Сүлейменова министрліктің алқа отырысында баяндады.


«Экожүйені жақсарту бойынша жұмыстар қабылданған Экологиялық кодекс және бекітілген «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жоба шеңберінде жүргізілуде»,- деп вице-министр хабарлады.
Осы Ұлттық жоба шеңберінде ең ластанған 10 қала және Министрліктің ластаушы заттар шығарындыларын азайту бойынша қабылдаған шаралары туралы ақпарат айтылды. Мәселен, бірінші жартыжылдықта «АМӨЗ» ЖШС ,«АЛЭС» АҚ, «Казцинк» ЖШС БКМК және «АХҚЗ» АҚ ірі кәсіпорындарында профилактикалық бақылау жүргізілді. Екінші жартыжылдықта тексерулер басқа кәсіпорындарда жалғасатын болады.
«2022 жылдың алғашқы 8 айында шаруашылық жүргізуші субъектілерге экологиялық заңнаманы сақтау бойынша 969 тексеру жүргізілді. Оның ішінде: 189 профилактикалық бақылау, 494 жоспардан тыс тексеру, 286 өзге нысанды тексерулер жүргізілді.
Тексеру нәтижелері бойынша экологиялық заңнаманы 1787 бұзушылық анықталып, 885 нұсқама берілді.
Жалпы сомасы 4 334,9 млн. теңгеге 1563 әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде жалпы сомасы 1574,2 млн.теңгеге 1409 әкімшілік айыппұл төленді», — деп баяндады 3. Сүлейменова.
Әкімдіктердің ақпараты бойынша 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында шамамен 2 млн тонна ҚТҚ құрылды, оның 23% — ы қайта өңделді. Республика бойынша әр түрлі кезеңдерде бөлек жинау 204 қала мен ауданның 134-інде енгізілді, ал 96 елді мекенде сұрыптау енгізілді.
Саланы дамытуды сапалы жоспарлау мақсатында әкімдіктерге қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеу ұсынылды, ол үшін Экология министрлігі әдіснамалық көмек көрсететін болады.
Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің механизмін іске асыру бойынша автокөлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасына кәдеге жарату төлемін 50% — ға төмендету туралы айтылды, ИИДМ есептері негізінде қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, сұрыптауды, қалпына келтіруді ұйымдастыруға төлемдер басталды, экологиялық таза көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге ынталандыру басталды, сондай-ақ бұрын берілген сертификаттар 2024 жылғы 18 қаңтарға дейін ұзартылды.
Өз баяндамасының соңында, спикер өнеркәсіптік кәсіпорындардағы ең үздік қолжетімді техникаларға көшу механизмі, Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын әзірлеу, 2022-2025 жылдарға арналған көміртегі квоталарының Ұлттық жоспары және халықаралық жобалар туралы айтып берді.