«Қазақстан халқына» қоры құрылады

Алдағы уақытта елде «Қазақстан халқына» деген арнайы қоғамдық қор құрылады. Мемлекет басшысы қор қоғамды біріктірудің тағы бір құралына айналып, азаматтарда әлеуметтік әділдік сезімін күшейтетініне сенім білдірді.

«Қазақстан халқына тиесіліні қайтарып, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесу уақыты келді деп санаймын. Сол себепті үкімет компаниялар тобын анықтап, олармен қорға аударатын жыл сайынғы жарна мөлшерін келісуі керек. Сондай-ақ қыруар қаржысы болса да, көлеңкеде жүрген тұлғалардан да белсенділік күтемін. Қор қоғамды біріктірудің тағы бір құралына айналып, азаматтарда әлеуметтік әділдік сезімін күшейтетініне сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.

Қоғамдық-әлеуметтік қор денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қолдау саласында нақты проблемаларды шешумен айналысады.

«Мысалы, сирек ауруға шалдыққан балаларға көмектеседі. Қалаларда, аудандарда, ауылдарда балаларға арналған спорттық алаңдар саламыз. Қабілетті балаларға жәрдемдесеміз.

Мәдениетке қолдау көрсетеміз. Алматыны жантүршігерлік трагедиядан кейін оңалтуға көмектесеміз. Осы қордың қаражатынан қаза болған полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына қолғабыс етеміз. Және бұл – тек бер жағы ғана», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, бұл президенттік, үкіметтік немесе қандай да бір мемлекеттік органның қоры емес, барша қазақстандықтың қоры болады.

«Бұл – халық қоры. Ол әкімшіліктің немесе үкіметтің жанынан құрылмайды. Беделді бақылау кеңесі құрылады. Адал, жауапты басшы тағайындалады. Оның қызметі толығымен ашық болады, қоғамға есеп береді. Жоспарлары, бюджеті мен жобалары сайтта жарияланады. Бүкіл ақпарат ашық болады», – деді ол.

Президент сондай-ақ «Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елде кірісі мол компаниялар мен тіпті халықаралық өлшем бойынша бай адамдар тобы пайда болды. Енді олардың да Қазақстан халқына қол созып көмек көрсететін кезі келді» дегенді айтты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН