Автожол мәселесі антикор бақылауында

Қарқаралы ауданы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Қылмыстық іс автомобиль жолдарының тиісті деңгейде жөнделмеуіне байланысты қозғалған. Аталған жол жөнделгеннен кейін, арада 1,5 жыл өтпей жатып қайтадан адам шошырлық күйге түскен еді. Қазір аталған іске жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары араласты. Енді жолдың жайы қалай болмақ?

Қарқаралыдан Қасым Аманжол ауылына дейінгі 30 шақырымдық жол учаскесі қазір қайта жөнделіп жатыр. Ал аудандық ТКШ басшысы 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.

– «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хат жолдап, бірлескен талдау жүргізді. Нәтижесінде аталған учаске жолының сапасы сын көтермейтіні іс жүзінде анықталды. Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып отыр, – дейді «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рустам Танишпеков.

Аталған жолды ауыл тұрғындары 30 жыл күткен еді. Бірақ арада 1,5 жыл өтпестен шұрық-тесікке толған. Сапасыз жолдың салдарынан қаншама тұрғын, қаншама көлікке зардап тиді. 33 шақырым жолға 800 млн-нан астам қаржы бөлініпті. Жергілікті билік болса алдымен жолды қабылдап алып, артынша соттасып жүрген көрінеді. Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Әділжан Арғынов:

– Мердігермен жасалған кепілдеме аясында сот шешімі бар. Соны орындау бойынша мердігер жұмыс бастауда. Техника тартылып, ондағы жол тегістеліп жатыр, – деді.

Еске салсақ, осыған дейін шенеуніктер мердігердің қалпына келтіру жұмыстарын 1 маусымда бастайтынын айтқан. Бірақ ол сағызша созылып, тек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін басталыпты. Мердігерлер аталған жұмыстың енді қыркүйектің біріне дейін аяқталатынын мәлімдеп отыр.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»