Автотұраққа да әкім араласуы керек пе?

Ағаш отырғызудың қоршаған ортаға, ертеңгі ұрпағымызға мол пайдасы бар. Бір кәрі ағаш 3 адамды оттегімен қамтамасыз етеді. Бірақ қазіргі таңда автокөліктердің көптігі, экологияның бұзылуына байланысты ол да аздық етеді. Есігіміздің алдына бір түп ағаш отырғызсақ та абзал іс болады. Тал егу жұмысы балалардың табиғат-анаға деген ықыласын оятады.

XIV ғасырда Әмір Темірдің көгалдандыру ісімен айналысатын уәзірі мен уәзірлігі болған. «Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстаған халқымыз үшін тал егу – маңызды істердің бірі. «Қиямет басталды десе де, шыбығыңды шаншып кет» деген екен дана халқымыз. Ал хадисте: «Әлдебір мұсылман егер ағаш көшетін отырғызса немесе егін ексе, кейін оның жемісінен адам жесе де, құс шұқыласа да, мал жесе де, ол үшін садақа болып жазылып тұрады. Еккен ағаштың көлеңкесінде бір адам саяласа, ол үшін садақа болып жазылады», – делінген. Сондай-ақ жау жеріне жорыққа аттанар болса, әскерлерге бірінші айтар өсиеттерінің бірі «Өсіп тұрған ағаштарға тимеңдер» деу болған.

Қарағанды қаласында, бетін аулақ қылсын, көп жыл өсіп тұрған ағаштарды жау шаппай-ақ кесіп құртып жатыр. Кінәлілер әр түрлі жолын тауып жауапкершіліктен құтылуда. Әзірше тоқтайтын емес. Құдды бір Сібірдегі ағаш дайындау сияқты. Ендігі мәселе – жаңадан ағаш отырғызғанда технологиялық стандарттар сақталмайды.

«Көшеттер қай жерден әкелінді? Қарағанды өңіріне бейімделген бе?» деп сұрап жатқан адам жоқ. Басқа жерден әкелінген көшеттермен әр түрлі зиянкестер мен аурулар келуде. Соның салдарынан соңғы жылдары қалада қылқанжапырақты (қарағай, шырша т.б.) ағаштардың арасында зиянкестер мен аурулар белең алды. Айта кету керек, қылқанжапырақты ағаштарды көлік көп жүретін жол бойына отырғызған дұрыс емес. Оларға көліктен шыққан газ және жолдан көтерілген шаң кері әсер етеді. Осыны да ескерген дұрыс.

Тағы бір аса үлкен мәселе – биыл Қарағанды қаласында этносаябақтың қоршауын алып тастады. Саябақтың дәл ортасында Әнет баба мешіті орналасқан. Мешітке келгендер көліктерін арнайы тұрақта қалдырмайды. Мешіттің тура алдына баруды әдетке айналдырған. Қазірдің өзінде мешіт айналасындағы ағаштар, әсіресе қылқанжапырақтылар көліктен шыққан газдан сарғайып солып жатыр. Ағаштардан, шөптерден, жуырда отырғызған гүлдерден айырылып қалуымыз мүмкін.

Осы мақаланы жазбас бұрын мешіттің наиб-имамына жолығып, түсіндіріп шыққанмын. Өкінішке орай, нәтиже болмады. Мешіт – Алланың жердегі үйі.

Хадисте: «Мешітке алыстан келген кісі жақыннан келген кісіден көп сауап алады. Адамдардың намаздан ең көп сауапқа ие болатыны – алыстан жаяу келгені», – делінген екен (Имам Муслим). Ал бізде керісінше. Үш жүз-ақ қадам жерде арнайы жасалған автотұрақ болса да, жұрт мешіттің іргесіне дейін көлікпен барып, көлеңке іздеп ағаштардың түбіне тұрақтайды. Осының салдарынан көп жыл өсіп тұрған қарағайлар, жас қайыңдар және шөптер сарғайып солып кетті.

11 маусым күні таңертеңгі сағат 10 шамасында Әнет баба мешітіне келсем, айнала – толған автокөлік. Ағаш, гүлдерді суарып, күтіп жүрген Қалалық саябақ басқармасының қызметкерлері мен жұмыскерлерінің айтуына қарағанда, күнде осылай, жұма күні мешіт ауласында кептеліс болып, жол полициясын да шақыртыпты. Көліктердің ортасымен өткенде жолдың екі жағында сарғайып солып қалған 10 жылдай өсіп тұрған қарағайды және былтыр отырғызылған қайыңды, машина ізінде жаншылып жатқан шөпті көріп жыларман болдым. Он шақты күн бұрын келгенде бәрі жайқалып тұрған. Бірден облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев мырзаға телефон соғып: «Тоқтатпасақ, бір айдың ішінде бүкіл ағаш, шөп, гүлдерден айырыламыз», – деп жағдайды түгел түсіндірдім. Бұрынғы кіреберістегі үлкен қақпадағы көп жыл тұрған тосқауылды (шлагбаумды) белгісіз себептермен көшіріп, мешітке жақын орналастырыпты. Соны қайтадан орнына апарып, көліктерді бұрынғыдай тұрақта қою керегін айттым.

Ермағамбет Бөлекбаев мырзаға рақмет, ол кісінің тапсырмасымен шұғыл түрде қаладағы Қазыбек би ауданы әкімі Е.Оспанов және басқа да басқарма уәкілдері келді. Барлығына сарғайып солып қалған ағаштарды және машиналарға тапталған шөптерді көрсеттім.

Сонда қалай, автотұрақты реттеп, табиғатты аялауға да облыс әкімі араласуы керек пе еді? Мешіт қызметкерлері мешітке келгендерге түсіндіру жұмысын жүргізбей ме? Мешітке келушілердің дінге деген құрметі қайда? Сарғайып солып қалған ағаштардың және машиналарға басылып қалған шөптердің де киесі бар, соны ұмытпайық.

Сәкен КЕЛДІБАЕВ,

зейнеткер