Автобан құрылысын аяқтауға қосымша қаржы керек

Қарағанды мен Балқаш арасындағы автобан құрылысы тағы тоқтап тұр. Өткен жылы пандемия салдарынан қатынас қиындап, қажет мамандар Қарағандыға жете алмай қалған болатын. Ал биыл материал қымбаттап кеткен. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін жалғап жатқан бұл автожолдың құрылысы, негізі, әу баста 5 жылға жоспарланған. Жоба бойынша, 2023 жылдың мамыр айында түгел аяқталып, ел игілігіне берілуі тиіс еді. Алайда мына қарқынмен енді үлгеруі екіталай, кестеден кешігіп жатыр. Әлі күнге тек 45 пайызы аяқталған. Жол бойында жұмыс істеп жатқан бірде-бір адам не техника жоқ. Жұрт сол баяғысынша айналма жолмен қатынап жүр.

— Жол өте нашар. Тастары шығып кеткен. Көлік доңғалағын жарып тастайды. Саймандарын да жиі ауыстырамыз. Қалтаны қағады. Баяғыда осы Балқаш пен Қарағанды арасын 4 сағатта жүріп өтуші едік. Қазір 7–8 сағатта әрең жетеміз, — дейді көлік жүргізушісі Абзал Шәріпбай.

Жол азабын жеңілдету үшін автобанның ең құрығанда екі жолағын іске қосып берсе деген тұрғындар тілегі орындалмай келеді. Облыс басшысы екі жыл қатарынан есеп беру кездесуінде халыққа уәде берген, бірақ нәтиже жоқ. Әбден жауыр болған бұл жұмыс биыл да аяқсыз қалатын секілді.

— Жол құрылысының қашан жалғасатынын нақты айта алмаймын. Қажет материалдардың қымбаттауына байланысты бас мердігер тағы қосымша қаржы сұрап отыр. Олардың өтініші қазір қаралып жатыр. Егер мамандар орынды деп тапса, ақша бөлініп, жобаға түзетулер енгізіледі, — дейді жобаның бас инженері Дәмір Ошақбаев.

Еліміздің көлік логистикасы үшін аса маңызды бұл ірі жобаны шетелдік екі бас мердігер, түрік пен қытай компаниялары және қазақстандық 4 қосалқы мердігер жүзеге асырып жатыр. Жобаның әуелгі құны 248 миллиард теңге болған. Алайда одан бергі 3–4 жылда құрылыс материалдарының бағасы шамамен 30–40 процентке өсіпті. Соған байланысты мердігерлер 2016 жылы жасалған жобалау- сметалық құжатты қайта қарауды ұсынды. Бірақ өтініш орындала ма — ол жағы әзірге белгісіз. Анығы — жауапты компаниялар қалай болғанда да жұмысты 2023 жылы түгел аяқтауы тиіс.

— Бас мердігер құжатта көрсетілген міндеттерін орындамаған жағдайда, келісімшарт бұзылады. Тіпті жобаны уақытында тапсырмағаны үшін айыппұл салуымыз да мүмкін, — дейді «Қазавтожол ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Ерлан Жұмағұлов

Қарағанды мен Балқаш арасының қашықтығы 363 шақырымды құрайды. Жол құрылысы 8 учаскеге бөлінген. Осы күнге дейін 260 су өткізу құбыры, 5 көпір салынған. Жол бойында асфальт шығаратын 9 шағын зауыт іске қосылып, 8 құрылыс базасы жасақталыпты. Оның әрқайсысында зертхана бар. Мамандардың айтуынша, 4 жолақты автобанға екі қабат асфальт төселеді. Қалыңдығы шамамен 15 сантиметр болады. Ал оның сапасын 5 бірдей мекеме қадағаламақ.

Асыл АЙБЕК, «QH»