Ауылшаруашылық саласындағы нәзік жанды
Гүлсім Тонтаева – қазақ ауылшаруашылық саласындағы еңбек еткен әйелдер қатарындағы ерекше тұлғалардың бірі. 1953 жылы 12 сәуірде Қарасуда дүниеге келген. Ата-анасының өмірі, олардың бала тәрбиесі мен ауылшаруашылығына қосқан еңбегі Гүлсім апайдың өмірлік ұстанымына айналады.
Гүлсім апай мектеп бітірген соң, Ақшатау совхозында еңбек жолын бастады. Ерте жастан еңбекке араласқан ол, мектеп қабырғасында жүріп-ақ тракторшылар курсын тәмамдап, «трактор жүргізуші» мамандығын алды. Осы кезеңде ауылда алғашқы әйел тракторшылар бригадасы құрылып, сол құрамда еңбек еткен қыздардың бірі Гүлсім апай болды. Бұл кездер қазақ ауылшаруашылығы тарихында әйелдерге жаңа мүмкіндіктер беріп, тең құқықты жұмыс істеу дәстүрін жалғастыруға көмектесті.
Совхоздағы жұмысында Гүлсім апай әртүрлі науқанда алдыңғы қатарда жүрді. Шөп шабу, мал төлдету, қой қырқу, жер жырту сияқты ауыр жұмыстарды атқарып, сол кездегі жас механизаторлардың көшбасшыларының бірі болды. Оның қажырлы еңбегі мен жанқиярлығы арқасында партия комитетінің назарына ілігіп, еңбегі бағаланып, комсомол қатарынан партия мүшесіне дейін өсті. Ауыл жастарына үлгі бола жүріп, еңбекқор қыздардың символына айналды. Бұл оның облыстық және аудандық кеңестерге екі мәрте депутат болып сайлануына себеп болды.
Кейіпкеріміздің еңбек жолындағы ерекше естеліктердің бірі – ол қазақтың атақты ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері, Жезқазған облысының екінші хатшысы Кәкімбек Салықовтан «Құрмет белгісі» орденін алуы. Сол кезде Салықовтың «Қазақ қызына лайық құрмет!» деп айтқан сөзі әлі күнге дейін менің есімде, дейді Гүлсім апай. Бұл марапат тек жеке еңбегіне ғана емес, жалпы қазақ ауыл әйелдерінің қажыр-қайратына деген құрмет ретінде бағаланады.
Гүлсім апай еңбек жолында көптеген жетістікке жетіп, Жезқазған, Қарағанды қалалары мен Ақадыр аудандарындағы түрлі конференцияға да қатысты. Оның тракторды шебер жүргізуі, ауылшаруашылығына қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Павлодар трактор зауытының апайымызға арнайы ДТ-75 тракторын сыйлауы – оның еңбегіне берілген жоғары баға болды.
Өмірінің келесі кезеңінде Гүлсім Тонтаева педагогикалық институтқа түсіп, география-биология пәндерінің мұғалімі атанды. Оқу орындарында білім ала жүріп те, ауылшаруашылығында еңбек етуді жалғастырып, совхоз жұмыстарына белсене араласты. Оқудағы табыстары мен ауылда атқарған қызметі арқылы ел алдында танымал тұлғаға айналды.
Гүлсім апайдың өмірі арқылы ауыл әйелдерінің қайсарлығын, адалдығын, еңбексүйгіштігін көруге болады. Еңбегін бағалап алған мақтау грамоталары мен медальдар оның еңбек жолының айнасы іспетті. «Қазақстанның 60 жылдық салтанатты жиыны», «Жеңістің 40 жылдығы» секілді тарихи оқиғаларға қатысуы оның тек еңбек жолында ғана емес, әлеуметтік салада да белсенді болғанын көрсетеді.
Гүлсім Тонтаева – қазақ ауылшаруашылығының дамуына, еңбек адамының мәртебесін арттыруға үлес қосқан адам. Оның ерлігі, табандылығы, еңбекқорлығы жас ұрпаққа әрқашан үлгі болып қала береді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»